Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының 15-ші аймақаралық форумы өтті

Алқалы жиынға екі елдің мемлекет басшылары қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын форумның мәні де сол – көршілес екі елдің, әсіресе, шекара маңындағы өңірлердің өркендеуіне ерекше серпін беру. Басқосу барысында қос ел басшылары өзара ынтымақты арттыру жолында атқарылар іс-шараларды тағы бір түгендеп, әртүрлі салаларды қамтитын жиыны үкіметаралық 25, өңіраралық 30 құжатқа қол қойды. Форумның келесі 16-шы отырысы алдағы жылы Омбы қаласында өтеді.

Қызылжар билігі бұл форумға бір жыл бойы дайындалған. Жолдар жаңартылып, орталық көшелердегі қоқыс-қиқым тазартылып, қала жалтырап шыға келді. Түске дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы нысандарды аралап көрді. Алдымен ол Киров атындағы зауытқа  ат басын бұрды. Кәсіпорын цифрлы спутниктік және эфирлік телерадиохабарларын таратуға арналған жабдықтардың толық топтамасын жасайды. Цехтар жаңа қондырғылармен жабдықталып, темір жол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлектронды аппараттың озық түрлерін шығарады.

Зауытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларға айрықша басымдық берілген. Осыған орай, өңірді еліміздегі электрониканы дамытудың негізгі көзіне айналдырудың жолдары қарастырылып, нәтижесінде еңбек өнімділігі екі есе артқан.

Қызылжар өңірі ауыл шаруашылығы саласымен шектелмей, индустрияға, жаңа технологияға бет бұрған. Облыста өндірілетін өнімінің 61 пайызы Ресей нарығына экспортталады. Ендігі мақсат -өнімділік көлемін арттыру қажет. Елбасы осы бағытта облыс әкіміне нақты тапсырма жүктеді.    

Президент қала активімен кездесіп, тұрғындармен тілдесті. Жолдауда айтылған басымдықтарға тоқталып, қызылжарлық ағайынның ақжарма тілегін тыңдады.

Форумды бастамас бұрын Қазақстан мен Ресей Президенттері Петропавлда екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады. Халықаралық оқиғаларды бір шолып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сегіз айдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 11 млрд. долларға жетті. Жыл соңына дейін көрсеткіш 18 млрд-қа жетуі мүмкін. Биылғы форумның тақырыбы - туризм. Бұл салада екі ел бірігіп, ауқымды жобаларда іске асыруы тиіс. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын форум жылдан-жылға кеңейіп, оның ауқымдылығы артып келеді. Ол түрлі саланы қамтиды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Форумның тақырыбы өзекті. Себебі, біздің елдер арасында тауар айналымы  жыл сайын артып келеді. Бұл екі елдің байланысын бекемдей түседі. Шекаралық  форум өткізу идеясын өзіңіз ұсынған едіңіз. Ол жемісін беруде. Бүгінгі форумның да нәтижелі боларына сенім мол.

Екі елдің туризм саласының мүмкіндіктері зор. Арнайы ашылған көрмені тамашалаған мемлекет басшылары әр өңірдің ерекшеліктеріне тоқталды. Осы жерде Елбасы аттың үстінде жүрген әріптесі Владимир Путинге қазақтың қамшысын сыйлады. 

Одан кейін мәртебелі меймандар форумның негізі бөлігіне қатысты. Бүгінде қос мемлекеттің шекаралық өңірлері арасында байланыс жолға қойылған. Аймақ басшылары бұл бағытта белсенді жұмыс атқаруда. Биылғы жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауарайналым 11 млрд. долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскен. Егер сауда айналымның 70 пайызы шекаралас өңірлердің еншісіне тиіп отырғанын ескерсек, бұл дәстүрлі форумның жемісі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде туризм саласы көптеген елдердің негізгі табыс көзі болып отыр. Ол дегеніміз жаңадан ашылған жұмыс орындары мен орта және шағын бизнестің қарыштауы. Туризм әлемдік экономиканың 10 пайызын құрап отыр. Ол экономиканың барлық секторына жан бітіреді. Былтыр әлемдік туризмнің экспорты 1,6 триллион долларға жетті. Айта кетерлігі, туризм саласына қаржылық дағдарыс еш әсер етпейді.  

БҰҰ мәліметі бойынша 2030 жылға таман әлемнің кереметтірін жылына 1 млрд. 80 млн. адам тамашаламақ. Сарапшылар туристер қызығатын жаңа орындардың да пайда болатынын алға тартады. Себебі, көпке танымал орталықтарға деген қызығушылық азайып барады. Осы ретте Қазақстан мен Ресейдің көпке көрсетері бар. Тұмса табиғаты мен адам аяғы тимеген өңірлер, шетелдік қонақтарды қызықтыратыны анық.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Ресей мен Қазақстанның туризм саласында мүмкіндіктері мол. Біздің елдің тұрғындары Қазақсанның курорттық аймақтарын аралайды. Керісінше, қазақстандықтар да Ресейге келеді. Біз осы көрсеткішті арттыруымыз қажет. Ол үшін шекарадан өту, көлік логистикасын дамыту сияқты негізгі мәселелерге мән беруміз қажет.    

Қазақ билігі туризмді дамытудың 5 жылдық бағдарламасын аяқтады. Ілкімді жоба жүзеге асса, біздің елге жылына 13 млн. шетелдік турист келеді деп жоспарланып отыр. 60 мың жұмыс орны ашылып, 60 елдің тұрғынына визасыз жеңілдік қарастырылды. Қазақстан мен Ресей экологиялық туризмге басымдық бермек. Жолдар салынып, инфрақұрылымды жаңартуға күш салынады. Сондай-ақ, Каспий аймағындағы саяхатты жандандыру көзделген. Осы және өзге де жаңашылдықтар туралы қос елдің облыс әкімдері баяндама жасады. Атқарылған және болашақ бағыттарды айқындайтын 25 үкіметаралық құжатқа қол қойылды.

Келер жылғы аймақаралық 16-шы форум Омбы қаласында өтетін болды. 

 

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.