Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті

Ақтөбе аймағының дамуына серпін беретін 8 міндет. «Ең өзектісі - 170 мың адамға жер телімін беру, 64 мыңнан астам жанның саяжай паналап жүргенін ұмытпауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев осы өңірге сапары кезінде.

Ақтөбе – бұл ірі индустриалды өңір. Жер көлемі жағынан елде екінші орында. Болашақта облыс орталығы миллион тұрғыны бар алып шаһарға айналмақ. Мемлекет басшысы аймақтың осы мақсатқа жетудегі қадамдарын пысықтау үшін өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралады. Ақтөбеден Шынар Асанқызы тарқатады.

Шынар Асанқызы, тілші:

- 2050 жылға қарай планета халқы 9-10 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Яғни, табиғи азық-түлік өнімдеріне деген сұраныстың артатыны анық. Ал, Ақтөбедегі мына жылыжайдың өнімдеріне қазірдің өзінде сұраныс өте жоғары. Биыл түсім мол болғалы тұр. Мәселен, аптасына 100 тонна қызанақ шығарылса, соның 80 пайызы алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Бұл аймақтың азық-түлік әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Бірақ бірер жыл бұрын Елбасы: «800 миллион доллардың азығын шеттен сатып алып отыр, ішкі мүмкіндікті толық пайдалана алмайсыңдар», деп сын таққан еді. Соның нәтижесі болар, соңғы жылы көкөніс өндіру көлемін бірнеше есеге ұлғайтыпты. Жылыжай саны артқан. Президент солардың біріне соқты. 5 гектар жерді алып жатқан алқап жылына 3 мың тонна көкөніс шығаруды жоспарлап отыр.

Алевен Теодорик, жылыжай кешенінің бас директоры:

- Қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бәрін Голландиядан келген агрономдар арнайы оқытып шықты. Технология да түгел голландиялық. Қызанақтың сортын да өзіміз әкелдік. Етті, ұзақ жолға шыдамды. Өйткені біздің өнім шетелдіктер арасында танымал болып тұр.

Ақтөбені жұрт қызанақтан бұрын хромы арқылы әлдеқашан таныған. Қызылорда күріштің, Атырау мұнайдың астанасы болса, Ақтөбе - хромның отаны. Оның қоры 400 миллион тоннадан асады. Әлем бойынша алдыңғы орында. Сол әлемдік атағы бар кәсіпорындар қазір қауіпсіздікті сақтаудың жаңа үлгісіне көшіпті. «Халық бақылауы» жобасының аясында енді мүмкіндігі шектеулі жандар камера арқылы зауыттағы қауіпсіздік ережесін бақылап отырады. Ереже сақтамағандарды байқап қалса, суретке түсіріп, жауаптыларға жолдайды. Тек бір аптаның ішінде 50-ден астам ереже бұзғандарды анықтаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Өйткені өндірісте жарақат алып қалу қаупі жоғары болғандықтан, мұндай жұмыс өте пайдалы және қажет. Еңбеккерлерді әлеуметтік жағынан қызықтыратын жобаның маңызы зор. Баршаңызға денсаулық, бақ-береке тілеймін.

Хром, титаннан бөлек, өңір құм мен сазды да пайдаға жаратуды қолға алды. Бұған дейін құрылыс саласын қыш граниттермен тек Шымкенттің зауыттары қамтамасыз етіп келсе, енді Ақтөбе жылына 5 миллиона шаршы метр қыш гранит шығарамыз дейді. Оған қоса, 205 жұмыс орны ашылмақ. Керамика зауыты - италиялық инвесторлардың жобасы.

Президент бұдан кейін батыстық палуандардың аймақтық турнирін тамашалады. «Халық денсаулығын сақтау» тақырыбындағы ғылыми конференцияға қатысты.

Төлебай Рахыпбеков, «Primary Healt Care» Ұлттық қауымдастығының президенті:

- Бұрынғы секілді ауруды емдеу емес, сау адамның саулығын сақтау - басты мақсатымыз. 3 жыл бұрынғы емханалармен қазіргі дәрігерлік орталықтарды салыстыруға келмейді.

Ал, өңір халқымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ дамуына серпін беретін 8 міндетті атап берді. Біріншісі - кезекте тұрған 170 мың адамға жер телімін беру. Әрине, бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ 64 мыңнан астам жанның саяжайды паналап жүргенін де ұмытпау керек. Және жер бермес бұрын жергілікті билік оның инфрақұрылымын жөнге келтіруді ұмытпағаны абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екінші мәселе - тұрғындардың еңбекақысы төмен. Облыстағы орташа жалақы - 141 мың теңге, республика бойынша 160 мың теңге. Кей ауылдардың табыс көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар. Облыс басшылығы осыны шешуі керек. Бұл - күрделі мәселе. Бірақ бұл мәселе шешімін табу керек. Лайықты жалақы - халықтың әлеуметтік жағдайына ықпал ететін фактор. Жалақыны арттыру үнемі менің назарымда болады. Халықтың табыс көлемі облыс әкімдерінің жұмыс көрсеткішіне айналады.

Үшінші міндет - шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Төртіншісі - өңірді транзиттік хаб ретінде дамыту. Ол үшін алдымен аудан, ауылдарға апаратын жолдарды жаңарту қажет. Әсіресе, Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Хромтау, Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз бағытындағы автокөлік жолдарын жөндеу кезек күттірмес мәселе болып тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бесінші - сапалы білімге қол жеткізу. 2027 жылға дейін апатты жағдайдағы және үшауысымды мектеп мәселесін шешу керек. Ақтөбеде 13 үшауысымды, 3 апатты жағдайдағы мектеп бар. Балабақша кезегінде 26 мың бала тұр. Облыс әкімдігіне осы мәселені шешуді тапсырамын.

Бұдан кейін жастарды қолдаудың кешенді шараларын қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ақтөбе азық-түлік қауіпсіздіге зор үлес қосатын орталыққа айналуы керек. Агросекторды дамытсақ, жаңа жұмыс орны ашылады, экономиканың қарқыны артады. Сондықтан өзімнің платформамда ауыл инфрақұрылымын жаңартуға айрықша назар аудардым. Жарық, су болмай, ауылды дамыту жайлы сөз қозғау мүмкін емес.

Жергілікті әкімдердің жауапкершілігі артып, қазына қаржысына қадағалауды күшейту керек. Өйткені Қазақстанның қуатты болмағы алдымен аймақтардың ахуалына байланысты болса керек. Мемлекет басшысы міндеттеген мәселенің соңғысы - осы.

Шынар АСАНҚЫЗЫ