Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

ҚР Президенті мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады

Президент кәсіпкерлер үшін салық несиесін енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады. Бұл шешімдерін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында мәлім етті. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған жиында Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен «Атамекен» ұлттық палатасына жаңа міндеттер жүктеді. Олардың ішінде отбасылық бизнесті қолдау, аймақтық бизнес-омбудсмендерді енгізу, кемі 100 мың адамды бизнес жүргізуге үйрету секілді мақсаттар бар.

Кәсіпкерлер үшін басты жағымды жаңалық - Президенттің Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, салық төлеу жүйесін оңтайлы етуді тапсыруы. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кәсіпорындарға салық төлеу мерзімін ұзарту керектігін мәлімдеді. Бұл бизнесін енді бастағандардың өз ісін дөңгелетіп алуына мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің заңнамада дамыған елдерде кең қолданылатын құрал - салықтық несие деген жоқ. Салық кодексіне осы құралды енгізіп, жаңа кәсіпорындарға инвестициялық салық несиесін 3-5 жыл мерзімге дейін беру керек.

Дамыған елдерден үлгі аларлық тағы бір дағды - отбасылық бизнес. Сарапшылардың есептеуінше, еуропалық компаниялардың 60 пайызы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келген отбасылық кәсіпорын екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, осындай тәжірибені біздің елде де енгізу шараларын ойластыруды таспырамын. Жалпы, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуын ескере отырып, біз бұдан да биік мақсаттарды қоюымыз керек. Сондықтан 2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 35-40 пайызға дейін жеткізуді тапсырамын.

Болашаққа жоспар ауқымды, ал бүгінге келетін болсақ, қазір елімізде 1 млн 300 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Былтыр отандық кәсіпкерлер саны - 11, ал олар шығаратын өнім көлемі 14 пайызға артқан. Былтыр қазақстандық кәсіпкерлер 26,5 трлн теңгеге өнім шығарған. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 25,5 пайыздан 28 пайызға дейін көтерілген. Бұған дейін елімізде өндірілмеген 500 тауар шығарыла бастады. Экспорттың жағрапиясы да кеңейіп жатыр. Қазақстандық өнім 120 елге жөнелтіледі.

Дегенмен, жетістіктермен қатар қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Мемлекет басшысы іскерлік климат, тауарды өткізу, қолжетімді қаржыландыру бағыттарында түйткілдер әлі де бар екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасының шешімімен кәсіпкерлерге төмен пайыздық несие беру үшін 600 миллиард теңге бөлінді. Бұл - тауар өндірісін өркендетуге жақсы мүмкіндік. Алайда бұл қаражаттың игерілуі төмен деңгейде. Банктер сомасы 13 миллиард теңге болатын небәрі 28 жобаны ғана мақұлдаған. Бұл үрдіс тұралап қалды десе де болады. Сондықтан Үкіметке «Атамекен» палатасы және банктермен белсенді жұмыс істеп, ақшалай қолдау кәсіпкерлерге дер кезінде көрсетілуін тапсырамын.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Кедергісіз кәсіпкерлік» қалыптастыруда жергілікті биліктің рөлі зор екенін атап өтті. Сондықтан өңірлер арасындағы бизнес жүргізу бойынша ұлттық рейтинг жалғаса береді. Бірнеше рет төменнен көрінген өңір басшылары тиісті жазасын алады. Сенімсіз кәсіпкерлер де нысанаға алынады. Президент отандық адал бизнес-серіктестер тізімін құруды міндеттеді. Сондай-ақ, отандық бизнестің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына жол ашу қажеттігі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі әлі де төмен, 34 пайыз. Жемқорлық қаупі де жоғары. Сондықтан Үкімет пен әкімдер мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қолдануы тиіс. Өйткені ескі құралдар жеміс бермегені көрініп тұр. Қажет болса, жаңа тәсіл ұсына алатын халықаралық сарапшыларды тартыңыздар.

Кадр даярлығына да жаңаша тәсіл қажет. Төртінші өнеркәсіптік революцияға нық қадам басу үшін болашақ экономиканың талаптарын ескерген жөн. Сондықтан Президент Үкіметке 2025 жылға дейін басты салаларға қажет 10 мың маманды оқыту жоспарын әзірлеуді, ал «Атамекенге» кемі 100 мың адамды бизнес жүргізуге үйретуді тапсырды. Тоқ етері, тоғыз қадам. Соңғысы, Ұлттық инвесторлар кеңесі мемлекет пен бизнесті жүйелі түрде байланыстыратын алаңға айналуы тиіс. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға уәде етті.

Альбина ӘШІМ