Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

ҚР Президенті Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында сол елдегі Қазақстан жылының салтанатты ашылуына қатысты. Бұл шара Өзбекстанның Халықаралық форумдар сарайында ұйымдастырылды.

Кешті ашқан Шавкат Мирзиёев өткен жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы болғанын атап өтіп, бауырлас екі мемлекеттің ынтымақтастығына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті: 

- Қазақстанда Өзбекстан жылын, ал Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу туралы менің бауырым, Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен 2017 жылдың қыркүйегінде оның біздің елге жасаған мемлекеттік сапары кезінде келіскен едік. Бүгінгі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Өзбекстандағы Қазақстан жылын ашуымыз екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Бұл - сенімнің артып, өзара қолдау өсіп, қос елдің арасындағы бауырлас қатынастың үзілмейтінінің белгісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде екі ел арасындағы ғасырлардан келе жатқан достық қарым-қатынас пен тату көршілік байланыс нығая беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аса құрметті Шавкат Миромонович, жеке өзіңізге және Өзбекстан халқына жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлылық көрсеткеніңіз үшін зор алғыс айтамын. «Қазақ пен өзбектің базары да бір, мазары да бір» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Екі халықтың тілі де, ділі де, тарихы да біртұтас.

Қос ел басшыларының алғы сөздерінен соң салтанатты шара гала-концертке ұласты. Оған Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева сынды Қазақстанның Халық әртістері, еліміздің Еңбек сіңірген қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов және халықаралық конкурстардың лауреаты Мария Мудряк пен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Димаш Құдайберген қатысты.

Сонымен бірге, өзбек көрермендеріне Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді, «Астана» балет театрының хореографиялық композициялары ұсынылып, ансамбльдер ән мен биден шашу шашты.

Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуына арналған салтанатты шараның толық теленұсқасын Ұлттық арнадан бүгін сағат 20:50-де көре аласыздар.