Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Алматыда сел қаупі сейілді

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. Оқиға орнына барып, тұрғындармен кездескен әкімнің сөзінше, қазір жағдай тұрақты. Қауіпті саналған Қарғалы өзені мен таудағы №1 көл толықтай бақылауға алынған.

Аманкелді Сейітхан, тілші:

Қарғалы өзеніндегі қазіргі жағдай қалыпты. Таңертең біршама көтерілген су деңгейі басылған. Мамандардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта өзеннен секундына 3,5 текше метрдей су ағып жатыр. Жалпы, Қарғалы өзені секундына 20 текше метрге дейін су жіберуге мүмкіндігі бар.

4 жыл бұрын Алматының үш ауданын басып қалған Қарғалы өзені бүгін халықты тағы бір дүрліктірді. Төтенше жағдай департаментінің өкілдері таңертең таудағы №1 көлдің суы тасығандығын хабарлады. Су тасуы мүмкін 8 учаске белгіленіп, сол аймақтың тұрғындары толықтай қауіпсіз жерге көшірілді.

Алма Әлімбекова, қала тұрғыны:

04:00-де хабарлады. Дайындалыңдар, шығыңдар деп.

Салтанат Үмбетбаева, қала тұрғыны:

Жалпы, естіген кезде өте қорқынышты болды. Бір-бірімізге хабар беріп, кетіп қалдық.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оқиға орнына дереу жетіп, жағдайды бақылауға алды. Төтенше жағдай жарияланып, ауданда жарық көздері мен газ өшірілді. Қаладағы барлық құрылымдар осында тартылып, шұғыл әрекет етуге 59 техника мен 216 адам жұмылдырылды. Қала басшысы таудағы көлді көзімен көріп келгесін, тұрғындарға бәрі тұрақты екендігін айтты.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Платинаға дейін көлден 22 шақырым. Әдетте ол бір сағатта жетеді. Су екі сағатта келді. Яғни, оның жылдамдығы төмен. Көлемі төмен. Ішінде тасы жоқ. Тек лайланған су. Көлден аққан су тоқтады. Су көлемінің төмендеп жатқаны көрініп тұр.

Жалпы, Қарғалы өзені үш ауданды кесіп өтеді. Бүгін қауіптің негізгі аймағында Наурызбай ауданы болды. Мұнда 564 нысан орналасқан. Жалпы саны 1 864 адам тұрады. Бірақ 4 жыл бұрынғы жағдайдан кейін өзеннің арнасы кеңейтіліп, жағасы бетон құйындысымен бекітілген.

Ерлан Оқасов, қала тұрғыны:

Бұрын бетон болмап еді. Қазір бар. Қауіпсіз шығар деп ойлаймын.

«Қарғалы өзенінің басындағы №1 көлдің суын азайту жұмыстары биыл 6 маусымда басталған», - дейді мамандар. Содан бері 6 сорғыш пен сифон желілері арқылы артық су төмен жіберіліп отырған.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

Жұмыстың басталғанынан бастап 1,6 млн куб су төмен түсірілді. Ең бастапқы көлемі 77,2 мың кубты құрады.

Мамандардың айтуынша, Алматы маңында барлығы 7 мұз көлі бар. Бірақ олар №1 көлі сияқты қауіпті емес. Оларда эвакуациялық каналдар қазылған. Су транзит болып өтіп кетеді. Ал, қала үшін ең қауіпті саналатын №13 көлде су деңгейі жыл басынан бері 4 метр төмендетілген. «Сондықтан айтарлықтай қауіп жоқ, тиісті шаралар қолға алынып жатыр»,-дейді мамандар.

Аманкелді СЕЙІТХАН