Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Есті есімдер қойылса...

Айт дейтін ағайын, көрсет дейтін көрермен болса, біздікі «қос құлағын қайшылап дүбір күткен баяғы әдет». Жөргек пен жер-көктің арасындағы адамға ат берілетінін айттық. Тек есім, есер емес есті болу үшін нені ескеру керегін тілге тиек етпекпіз. Әйгілі Шекспирдің «Ромео мен Джульета» шығармасында Джульетаның «Есімде тұрған не бар? Мысалы, раушан гүлін осылай атасаң да, атамасаң да, ол хош иісін жоғалтпайды» деп айтқаны бар. Мүмкін. Алайда, ұл-қызының есіміне немқұрайлы қарау - елінің шекарасын найзаның ұшымен сызған қазаққа жат қылық. Содан болар, ат қою - ұлтымыз үшін ұлық іс. Азаматын ат үстінде таныған, алты жасар баласын ашамайға отырғызып, алпыстағы азаматын аттан түсірмеген қазақтың бүгінгі ұрпағы ұл-қызына нендей есім беретінін алғашқы сюжетте айттық. Сыннан сабақ алғандар көп деп білем. Өйткені, ән айтқаны бақадай шулап, билегені балықтай тулаған қазіргі қоғамда нәрестеге мағыналы есім беруді ескіліктің сарқыншағы деп, аузына келгенді ат қылып айта салатындар көбейді. Бұрынғының өнегесі өзгеше еді. Бәріне топырақ шашпаймыз. Десе де, бір ақсақалдың кесімді сөзі еліңді, бір кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген өткен шақтан іргемізді алыс салған сайын тектіліктің тетігінен айрылғандай көрінеміз.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: