Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Ақтөбеде 381 электр тарату қордырғысы ашық күйде жатыр

Ақтөбеде аумағы қоршалмаған трансформаторлар адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Қалада 381 электр тарату қондырғысы ашық-шашық күйде жатыр. Осыдан бірнеше ай бұрын ойын баласы тоққа түсіп, бір ажалдан қалды. Әйтсе де, осы оқиғадан кейін де құзырлы мекемелер еш қарекетсіз отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

 Ақтөбе қаласындағы саяжай аумақтарының өзінде ашық-тесік жатқан мынадай 120 трансформатор бар. Барлығы адам өміріне қауіпті. Бұндай бір нысанды талапқа сай етіп қоршау үшін 100 мың теңгеге жуық қаржы керек екен.

Осындай қауіпті трансформатордың бірі Айдос Хамидуллиннің дәл ауласында тұр. «Жауапты мекемелерге оны оқшаулау қажет деп қанша айтқанмен, нәтиже жоқ», - дейді. Ол ойын балалары үшін алаңдайды.

Айдос Хамидуллин, қала тұрғыны:

- Кішкентай балалар бар. Трансформатор қоршалмаған. Бала тоққа түсіп кетсе, кім жауап береді?

Айдостың бұлайша алаңдауына негіз бар. Себебі, осыдан екі ай бұрын Шалқар қаласында 9 жастағы бала трансформаторға тоққа түсіп қалды. Дәрігерлер оның екі қолын кесуге мәжбүр болды. Алайда, жауапты орындар осы оқиғадан сабақ алмағанға ұқсайды. Тіпті, соңғы салынған нысандардың аумағында да қауіпсіздік шаралары сақталмаған.

Марат Аманғалиев, «ЭнергоСистема» ЖШС бас директоры:

- Жаңадан салынған мектеп, балабақшал аумағында 17 қондырғы бар. Оның төртеуі қоршалған. Ескі қалаға барсаңыз, қоршау түгілі, біреудің ауласында тұрғандары бар. Оларды шығарып жатырмыз.

Қазір әкімдік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар трансформаторлардың иелерін анықтап, қауіпсіздігін тексермек.

Бекзат Тұрғалиев, қала әкімі аппаратының өндірістік бөлімінің жетекшісі:

-Қазіргі таңда коммуналдық-шаруашылық балансында 13 трансформатор анықталды. Оны алдағы уақытта бюджетке өтінім беріп, жабатын боламыз. Жұмыс жоспары бойынша бәрін анықтаймыз, сосын ақпарат жинап, басшылыққа ұсынылатын болады.

Өңір тұрғындарына жарық беруші «ЭнергоСистема» компаниясы қондырғыларды қалпына келтіру үшін келер жылға 391 милилон теңге бөлген. Алайда, саяжай аумағындағы трансформаторларды қоршау олардың міндетіне кірмейді. Сондықтан, қараусыз қалған қондырғылар қала әкімдігінің меншігіне өтуі мүмкін.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: