Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Ақтөбеде 52 өзбекстандық қаза тапқан автобустағы өрт оқиғасына қатысты сот процесі аяқталды

Айыпталушылардың бесеуі де жаза арқалады. Сондай-ақ, жәбірленушілерге моральдық шығын өтеу міндеттелді. Алайда, сотталушылардың туыстары сот үкімімен келіспей отыр.

Сот процесіне Түркістаннан айыпталушылардың туыстары да келді. Олардың «шартты жазамен бостандыққа шығар» деген үміттері ақталмады. «Азия транзит» серіктестігінің құрылтайшысы Нұрлыбек Телікбаев пен механик Бахадүр Пердебаев сот залынан қамауға алынды. Олар 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал, автобус жүргізушілері Мақсат Пернебеков, Нұржан Қырғызбаев және Барат Таңатовтар бес жылдан жаза арқалады. Сондай-ақ, оларға жеті жылға дейін көлік тізгіндеуге болмайды.

Серік Махамбетов, судья:

- Мемлекеттік айыптаушымен жаза ретінде ҚК-тің 292-бабы, 3-бөлігі, 345-бабы 4-бөлігі жасағаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот сол мөлшермен келісіп, жазаны тағайындады. Себебі, ҚР ҚК 55-бабы, 2-бөлігі, 1-тармақшасына сай, жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген, жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жай болмаған кезде ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде жазасын жартысынан асыруға болмайды.

Үкім оқылған сәтте процесті Сарыағаш аудандық сотынан онлайн режимінде қарап отырған жәбірленушілердің туыстары шулап қоя берді. Олар бұған дейін қаза тапқан әр адам үшін 150 млн. теңгеден талап етіп, ең ауыр жаза тағайындауды сұраған еді. Алайда, судья олардың әрқайсысының отбасына екі миллион теңгеден моральдық шығын өтеуді міндеттеді. Нақты айтқанда, бес сотталушы 43 жәбірленушінің әрқайсысына екі млн. теңгеден беруі тиіс.

Асхат Пернебеков, сотталушының інісі:

- Ондай ақшалары болса, үйде отырмайды ма? Бұлардың бәрі әрқайсысына екі миллион теңгені қайдан тауып береді? Әдейі өртеген жоқ. Жазым болып тұр. Шын сот болған жоқ деп ойлаймын.

Осылайша, сотталушылардың туыстары сот үкімімен келіспей отыр. Олар аман қалған өзбек азаматтарынан дұрыс жауап алынбады дегенді алға тартады.

Күлмира Таңатова, сотталушының анасы:

- Бұл жерде Ахрор деген өзбек пояльникті теуіп шыққан. Сол бірінші жанып шыққан. Сол жерде автобустың арқасына барып төбелескен дейді. Менің балам мен жүргізуші екеуі ажыратқан екен. Біреуінің мұрнын қанатқан.

Айнұр Таңатова, сотталушының әйелі:

- «Аяғымыз тиген шығар. Тигендей болды», - дейді. Бензинді төгіп отырған солар. Отқа да себеп болып отырған солар. Неге оларды кінәламайды? Неге оларды жазаламайды?

Естеріңізге салсақ, биыл қаңтардың 18-і күні Ақтөбе облысының Қалыбай ауылының маңында жолаушылар автобусы өртеніп кетті. Көлікте болған 57 адамның 52-сі қазаға ұшырады. Құрбан болғандардың барлығы Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған еді.​

«Сотталушылардың барлығы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтейді. Ал, үкіммен келіспеген олардың туыстары сотқа апеллияциялық шағым түсірмек.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.