Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Астананы түтін тұмшалап тұр

Тұрғындар әзілдеп «Желорда» деп атайтын қалада кешелі бер үп еткен жел жоқ. Қалың түтін бас қаланың бар көшесін басып алған. «Қазгидрометтің» болжамына сенсек, алдағы 3 күнде ауа райында өзгеріс болмайды. Яғни, жел тұрмайды. Бас қаланың тұрғындары бұл проблемадан қашан құтылады? Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Соңғы 2 жылда Астана тұрғындарының арасында тыныс алу органдарының ауруына шалдыққандардың саны 44 пайызға артқан. Қазақстан экологтар ұйымы жасаған сараптаманың қорытындысы осындай. Ірі қалаларда ауа негізгі 3 себептен ластанады. Оның 95 пайызы көліктерден шығатын улы газдарға тиесілі. Одан соң жылу электр станциялары және үшіншісі жеке сектордағы үйлерден шығатын түтін.

Асхат Сүлейменов, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Экологияның ластануы, қоршаған ортаның бұзылуы бүгінгі таңда адамның денсаулығына ғана емес, экономиканың құлдырауына да септігін тигізіп жатыр. Жоғары тұрған 50 мемлекет. Олардың экономикасы жоғары, себебі экологиясы жақсы. Егер азаматтарымыздың денсаулығы мықты болатын болса, олардың экономикаға қосатын үлесі де артады.

Дамыған ел деп алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді алайық. Бір Мәскеуде ғана 12 миллионнан астам адам тұрады. Өндіріс дамыған, көлік те көп. Бірақ, олар түтінге тұншығып отырған жоқ. Мегаполис экологиялық мәселені ерте шешіп тастаған.

Ильдар Сұлтанғазин, Мәскеу энергетика институтының профессоры:

- Қазір Мәскеуде жылу электр станциялары мен қазандықтардың 99 пайызы табиғи газбен жұмыс істейді. Бұл көмірден әлдеқайда тиімдірек. Жеке секторлардағы жылытудың да көп бөлігін газға көшіріп тастағанбыз.

Ал бізде ше? Жылу электр станциялары әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Экологиялық тазалыққа алғашқы қадам - бензин сапасы арттырылды. К3-тен К5 стандартына дейін көтерілген. Бұл көліктен шығатын улы зат мөлшерін азайтады.

Сәбит Нұрлыбай, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Егер біз елордамызды газдандырсақ, 25 пайызға дейін төмендетеміз. Ол біздің болжамымыз бойынша 2020-2021 жылдары іске аса бастайды.

Жеке секторға газ 2-3 жылдан кейін жетсе толық қамту үшін тағы біраз уақыт қажет. Сондықтан, астаналықтарға әзірше түтінмен күрестің басқа түрлерін қарастыра тұрудан басқа амал жоқ.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: