Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Болашақта ШҚО-да су тасқыны болатын жерлер ғарыш арқылы бақыланады

Өскемендегі техникалық университеттің ғалымдары арнайы ғылыми жоба дайындап жатыр. Олар жақын арада анимациялық жолмен су басатын жерлерді нақты көрсетіп, тіпті өзендердің 3D моделін де жасап беруге құлшынып отыр. Жалпы, көктемгі тасқын мәселесі бұл өңір үшін өте өзекті. Өйткені аймақта өзендер, су қоймалары көп. Таулы аймақтарда қар да қалың түседі. Сондықтан бүгінде облыста тасқынға қарсы шаралар қарқынды жүріп жатыр.

Өскемендегі ғалымдардың айтуынша, тасқынның алдын алуға арналған жобаны толық жасау үшін шамамен 3 жыл уақыт керек. Бұл іске 20 адам білек түріп, кіріседі. Арнайы бағдарлама жасап, аймақтағы ірілі-ұсақтағы өзендер мен гидронысандардың жағдайын алдын ала бақылап отырмақ.

Олег Гавриленко, Д.Серібаев атындағы ШҚМТУ проректоры:

- Алдымен Шығыс Қазақстандағы су тасқынының жағдайы бойынша геоақпараттық жүйе жасалады. Ол үшін жерді қашықтықтан зондтау әдісін қолданып, түрлі ақпарат жинап, олардың көмегімен көктемдегі ахуалды бақылаймыз. Жұмысымыздың екінші бағытында, арнасынан шығып, айналаға суы жайылып кететін өзендердің 3D моделін жасауды көздеп отырмыз.

Биыл облыста 70-тен астам елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан барлық жерде тасқынға қарсы тактикалық оқу-жатығулар өтіп жатыр. Мұндай шара таяуда Қасым Қайсенов кентінде өтті. Жалпы, Ұлан ауданында 6 қауіпті учаске бар екен. Олардың барлығы бақылауға алынған.

Ержан Жанұзақов, Ұлан аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

- Барлығын комиссия аралап шықты. Оның алдында аудандық комиссия мүшелерімен де жүріп шыққанбыз. Қазір аудан бойынша толығымен жұмыстар жасалып жатыр, арықтар, құбырлар тазалануда. Наурыздың 1-іне дейін бұл жұмыстардың барлығын бітіреміз деп отырмыз.

Өскемендегі атқарушы органдар да төтенше жағдайлар қызметімен өзара іс-қимылдарын пысықтады. «Көктем-2019» республикалық оқу-жаттығу жиыны аясындағы шаралар бұл жолы Меновное кентінде өтті.

Облыста тасқынға қарсы шаралардың арнайы жоспары бекітіліп, штаб құрылды. Су басады деген аумақтар бақылауға алынған. Облыс тұрғындары да бос отырмай, үйлерінің маңайындағы қарды күреп, өзен-көпірлердің құбырын тазалауға көмектесіп жатыр.

Берік КӨШЕРБАЙ