Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Енді ерлі-зайыптылар ажырасқанда баланың кімде қалатынын тек сот шешеді

Бұдан былай ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде баланың кімде қалатынын тек сот шешетін болады. Ал, бұл орайда ажырасып жатқан тараппен және баламен жұмыс істейтін психологтардың рөлі жоғары болмақ. Қазір айырылысқан жұптардың арасында бір-біріне балаларын көрсетпеу оқиғалары көбейген. Яғни, біздегі заңда әйелі мен күйеуінің некесі бұзылғаннан кейінгі нақты ережелері көрсетілмеген. Осыған орай, Астана қаласындағы «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі сарапшы-психологтар, заңгерлермен бірлесіп, ажырасу кезіндегі әлеуметтік-психологиялық зерттеулерге өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде жарты млн. сәби «тірі жетім» атанып отыр. Сот шешіміне қарамастан, әкелердің 30 пайызы балалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған. Ал, жаңа ереже оларға баласымен айлап кездесуге мүмкіндік береді.

Анар Шынболатқызы, психолог:

- Жазғы демалыс кезінде бір ай көлемінде баласымен қыдыруға, бірге өмір сүруге құқысы бар. 

Жаңа ереже бойынша ажырасу кезінде психологтардың рөлі зор болмақ. Олар баланың эмоциялық қалпын, ата-анасының тәрбиелеу тәсілі мен психологиялық ерекшеліктеріне сараптама жүргізеді. 

Анар Шынболатқызы, психолог:

- Бұрын қандай әдістемені алу әр психологтың өз еркінде болатын. Енді жаңа құжат бойынша нақты тесттер белгіленген. Осы заң аясында уақыт, ата-ананың құқығы қарастырыла отырып шешіледі. 

Сондай-ақ, баланың таңдау жасауына да шектеу қойылмақ.

Мәдениет Омарбекова, Астана қаласының судъясы:

- Баланың шешімі тұрақты емес. Ол өтірік айтуы мүмкін. Анасы баласын үйретуі мүмкін. Сол себепті, әлеуметтік-психологиялық зерттеу сотқа нақты әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Мамандар жаңа ережелердің әр тетігін тәптіштеп талқылады. Енді оны құзырлы мекемелерге ұсынады. Олар мақұлдаса, алдағы уақытта тиісті заңға өзгерістер енуі де мүмкін. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: