Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Көлігі жоқ астаналық тұрғынның мойнында 5 млн. теңге айыппұл тұр

Көлігі мен мүлігі үшін тиісті салығын төлегенін мыңдаған қазақстандық дәлелдей алмай дал. Өзгенің өтелмеген салығы үшін жазықсыз жапа шегіп жатқандар қаншама. Басқаның дүниесі үшін заңсыз айыппұл арқалағандар да аз емес. Берешегі бар борышкерлердің орнына қарызы жоқ біреулердің жауапқа тартылуына не себеп?

Астаналық Әсел салық саласындағы салғырттықтың салдарынан бір жылдан бері сенделіп жүр. Атында бірде-бір көлігі жоқ, алайда, көлікке салығы көп. Бір емес, 223 автокөліктің қарызын мойнына іліп жіберген. Айыппұл көлемі 5 млн. теңгеден асады.

Әсел Салинова, Астана қаласының тұрғыны:

- Еңбек демалысы кезінде шетелге шықпақ болғанмын. Салықтағы қарыз үшін шекарадан шығармай қойып, ұша алмадым. Одан тыс үш ай бойы айлығымды да ала алмадым. Картамды бұғаттап тастаған. Осындай кедергілер көп болды.

Әсел бүгін кезекті рет құзырлы органға келді. Салықтағы бұл былықты жауаптылар біледі. Қателіктерін мойындады.

Әселдің мәселесі шешілгенмен, басқа тұрғындардың осыған мазмұндас проблемасы шаш-етектен. Тағы бір астаналық Уәли Қыдыровқа 6 жыл бұрын сатып жіберген көлігінің салығы, өсімпұлымен бірге биыл келген. Әрі еш хабарландыру құжаты жетпей жатып, карточкасынан ақшасын ұстап қалған.

Уәли Қыдыров Астана қаласының тұрғыны:

- 6 жылдан бері көлік салығына қарыз екенімді неге білмеймін, неге ескертпейді?! Мен тіркеуі бар, құжаты бар, мемлекеттік органдарда жұмыс істеген адаммын. 6 жыл бойы айтпай келді.

Осындай шикіліктерді болдырмау үшін бірыңғай деректер базасы жетілдіріледі деп сендірді жауаптылар. Ортақ деректер базасы барлық кемшіліктерді жояды дейді. 

Олжас Отар Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

- Ішкі істер министрлігі жылдың аяғына дейін 100 пайыз электронды бірыңғай жүйеге өткелі жатыр. Сіздің көлігіңізді сатқан бетте, машинаңыздың иесі туралы мәлімет біздің арнайы деректер базасына сол мезетте келіп түседі.  

Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда, бұл жоба салық органдарына енді жеткен тәрізді. Егер жүйе шұғыл жүйеленбесе, мәліметтер тиісті мекенжайды таппай, ақпараттар адасып, тұрғындар шатасып, салықтың саласы былыққа одан бетер бата беретін түрі бар.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: