Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Кореяға жұмыс істеуге кеткен түркістандық азаматтар елге келіп жатыр

Қомақты табыс тапсам деген ойдың жетегімен Кореяға қыр асқан түркістандық азаматтардың алды қайтып елге оралып жатыр. Оған бұл мемлекетте заңсыз мигранттарға қарсы күрес шарасының күшеюі себеп болып отыр. Оның үстіне, жуырда ғана бірнеше қандасымыздың шетелде қаза табуы да оларды ойландырып тастаған. 

Азаматтың Кореяда жұмыс істеп табыс тапсам деген ойдың жетегінде жүргеніне біраз болды. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы төлқұжатын әзірлеп те қойған. Енді арнайы виза аштырайын десе, қыруар қаржы қажет. Ал, заңсыз мигрант ретінде шетел асуға қаймығып отыр. 

Азамат Ақбердиев, Кентау қаласының тұрғыны:

- Ол жаққа барып жұмыс істеу үшін, барлығы заңды түрде болуы үшін виза ашу қажет. Ол үшін біраз қаражат керек. Оған қалта көтермеген соң қалып отырмын.

Ал, Бахриддин Низамов болса, Кореяда жұмыс істеудің қиындығы мен тауқыметін көрген азамат. Жатын жиһаздарға төсеніш жасайтын фабрикада қара жұмысшы болды. Ауыр еңбектің арқасында тәп-тәуір табыс тапқанымен, отбасыдан жырақ болу қажытып жібергенін айтады. 

Бахриддин Низамов, Кентау қаласының тұрғыны:

- Көбіне біз жақтан барғандар қара жұмысқа қабылданады. Ауыр жұмыстар істейді.

Ысқақовтар отбасы 1 жыл 8 айдан бері жол тосып жүр. Баласы мен келіні жырақта - Сеулде жұмыс істейді. Корей үкіметі заңсыз мигранттарды елден аластату шарасын күшейткелі әкенің көңілі алаң, перзенттерін ойласа, ана жүрегі сыздап кетеді. 

Серік Ысқақов, Кентау қаласының тұрғыны:

- Көз алдыңда жүргенге не жетсін? Бала-шағаңды далаға жібергің келмейді. Күнделікті көріп тұрсам екен дейсің. Кішкентай немерелер бар. Әке-шешесінің қасында өссе, солардың тәрбиесін ала екен деп уаймыдаймыз.

Болашаққа деген ойын әбден таразылаған Азамат ақыры Кентаудан ешқайдан кетпеуге нық бекінді. Жоғарғы білімді жігіт кеше ғана физика пәнінің мұғалімі болып мектепке жұмысқа орналасты.

Азамат Ақбердиев, Кентау қаласының тұрғыны:

- Өзіміздің елде қалып, жұмыс істегенге не жетсін? Екінші тоқсаннан жұмысты бастап жатырмын.

Жалпы, бейресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда алақандай Кентау қаласының өзінен 360 адам жұмыс іздеп шетел асқан. Оның жартысынан көбі табыс үшін Кореяны құп көрген. Туған-туыстарының айтуынша, бұл азаматтардың дені желтоқсан айында өз шаңырақтарына қайта оралмақ.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.