Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Петропавлдағы «Зиксто» зауытының жұмысшылары 3 айдан бері жалақы алмаған

Петропавлдағы «Зиксто» зауытының жұмысшылары 3 айдан бері жалақы алмаған. Бүгін 200-ге тарта қызметкер еңбекақысын даулап, кәсіпорын алдында жиналды. Зауыттың жұмысшыларға берешегі 95 миллион теңгеге жеткен, оған қоса өндіріс орны электр қуаты үшін 40 миллион теңге қарыз. Мән-жайды өңірдегі тілшіміз анықтап қайтты.

Жүк тасымалдайтын вагон шығарып келген өндіріс ошағы  бірнеше айдан бері тоқтап тұр. Еңбеккерлер соңғы үш айдың  ақшасын  алмаған .  Александр Кампуттың  зауытта істегеніне 37  жыл болды.  Алайда,  қазір   жұмыс жоқ, сондықтан күн көріс те қиындады дейді ол. 

Александр Кампут,  жұмысшы:

Жұмыс жоқ, таратамыз деді. Үйде жатырмыз содан бері. Қарызға белшеден баттық. Несие бар төлейтін, тамақ бар. Оның бәрі ақша емес пе? Басшылыққа жалақымызды бер деп келіп тұрмыз. 

Марат Сәкенов, жұмысшы:

Наурыз-сәуір үшін жалақы алған жоқпыз. Осыған дейін проблема боп көрген емес. Айттық талай рет басшылыққа, жауап болмады. Бүгін амалсыздан шығып отырмыз.

Кәсіпорында 800-ге тарта адам еңбек етеді. Алып өнідіріс орнының жұртқа қарызы 95 млн теңгеге жеткен. Алайда , зауыт басшылығы жалақы тұрмақ,  салық пен жарықтың ақшасын өтей алмай отыр.  3 аптадан  бері  мұнда электр қуаты да жоқ.    

Ринат Шамсутдинов, «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

Осыған дейін қол қойылған контрактілер зауыт үшін тиімсіз болып қалды. Себебі – қажетті қосалқы бөлшектер 2-2,5 есеге дейін қымбаттап кетті. Басшылық бізге бағаны қайта қарау туралы уәде берді. Ол қаралғасын жұмысымыз басталады.

Тығырыққа тірелген кәсіпорын қарызды өтеудің  барлық жолдарын қарастырмақ.   31 мамырға дейін   жалақыны  төлеуге уәде берді.  

Қайрат Пішембаев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

Тағы да келіп, жұмысшылармен кездесіп, өтелді ме, өтелмеді ме білетін боламыз. Әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заң бұзушылық болды,бұл мәселені ескеретін боламыз.

Бұл мәселені еңбек инспекциясымен қоса қалалық прокуратура мен облыс әкімі де өз бақылауына алды.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ