Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қостанай облысындағы Спандияр Көбеев атындағы мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұр

Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романын оқымаған қазақ кемде-кем. Бұл - тұтас ұлт әдебиеті үшін аса құнды шығарма. Алайда осы туынды авторы дүниеге келіп, өзі мектеп ашқан киелі мекеннің қадірі қашып, қаңырап қалудың алдында тұр. Кезінде 150 үй түтін түтеткен Қостанай облысындағы Ақсуат ауылында қазір отызға жетпейтін отбасы қалыпты. Көпшілік тәу ететін, туризм нысанына айналуы тиіс мекендердің назардан тыс қалуының сыры неде? Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Әйгілі жазушы, ағартушы Спандияр Көбеев дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін қызмет еткен Ақсуат ауылы - осы. Әрине, ағартушының өзі ашқан мектеп қазір жоқ. Мына ғимарат орта мектеп ретінде 80-ші жылдардың соңында салынған. Кейін бала саны азайып сегізжылдыққа айналды. Қазір мұнда тек бастауыш сыныптардың алты оқушысы білім алып жатыр.

Алты оқушысы бар мектептің күнделікті тірлігін 5 бейнекамера бақылайды. Жабдықталуында мін жоқ. Қазіргі білім беру мекемесіне қойылатын барлық талапқа сай.

Үміт Магамбетова, мұғалім:

- 2 кабинетіміз бар. 2 кабинетте 2 сынып оқиды. Екеуі де жаңа құрылғылармен жабдықталған. Компьютер бар. Қазіргі жаңартылған біліммен сабақ береміз. 

Алты баланың үшеуі биыл бастауышты тәмамдайды. Олардың орнын басып алдағы күзде бірінші сыныпқа баратындар тағы жоқ. Ал, мектепті сақтап қалу үшін кемі 5 оқушы болуы керек. Бұл жағдай осы жерде 33 жыл еңбек еткен ардагер ұстаз Гауһар Сәбиеваны да алаңдатады.

Гауһар Сәбиева, ардагер ұстаз:

- Педагог, ағартушы, ол кісінің еңбегін бәрі біледі. Әрі жазушы. Қай салада болмасын белсенді қызмет еткен. Спандияр атамыздың мектебі жабылғаны - өте ұят.

Мектептің бір бөлмесінде Спанияр Көбеевтің мұражайы орналасқан. Ағартушының жеке тұтынған заттары, құжаттары, өмірі мен қызметі жайлы деректер, ауыл, мектеп тарихы тәрізді құнды жәдігерлер жетерлік. Туризмге сұранып-ақ тұр.

Марлен Сандыбеков, Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта қоныс аудару бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірден көшіп келетін отбасыларды осындай ауылдарға бағыттаймыз. Сөйтіп мектепті де, ауылды да сақтап қалуға тырысамыз.

Жергілікті билікте тырысу болғанымен нақты жоспар жоқ. Сондықтан Ақсуаттағы мектеп пен мұражайдың болашағы бұлыңғыр. Жалпы, Қостанай облысында киелі деп танылса да, елеусіз жатқан елсіз мекендер аз емес. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы туған үй де ешкімнің есебіне кірмей, ескерусіз қалған. Яғни, бұл өңірде киелі жерлерді туризм нысанына айналдыру ісі кенжелеп тұр. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК