Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қостанай қаласының тұрғыны үйінің ауласында бөдене өсіреді

Баптап бақсаң, бір уыс құс бөдене де берекеге кенелтеді. Қостанай қаласының тұрғыны Сақтаған Бақбасов бұған іс жүзінде көз жеткізген. Ол үйінің ауласында бөдене өсіреді. Табысы тасып жатпаса да, пайдасыз емес. Мүмкіндік болса, ол алдағы уақытта құстардың санын көбейтуді көздейді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бөдене асырау үшін ең бастысы, көп орын қажет емес. Мысалы, 10 шаршы метрге жетпейтін жерде 300 құс тұр. Олар арнайы жәшіктерге орналастырылған. Алдына жем салынған, су автоматты түрде келіп тұр. Бұлардан бір күнде 100 жұмыртқа алынады.

Сақтаған Бақбасов 20 бөдене сатып алып, өз кәсібін осыдан үш жыл бұрын бастаған. Тынымсыз еңбектің арқасында олардың санын да көбейтті, күтіміне жайлы етіп қорасын да жабдықтап алды. Суықта бөдене жұмыртқаламайды. Қысы қатты солтүстікте оның жыл он екі ай өнім беруі үшін жылы жер керек. Сондықтан, бұл жерде қандай суықта да ауа температурасы бірқалыпты.

Сақтаған Бақбасов, бөдене өсіруші:

- Қораға кірсем 3-4 сағатқа дейін шықпаймын. Үнемі бірдеңені өзгертіп, жаңартып отыру керек. Қораға жылу, су тарттым. Пластик терезе орнаттым. Жалпы, құстың күтімі қиын емес.

Бөдене жұмыртқасының нарықтағы құны 20 теңгеден кем емес. Ал, етінің келісі 3 мыңнан асады. Сақтаған, бұл құстың өніміне сұраныс жоғары екенін айтады. Себебі, бөдене жұмыртқасы мың дертке дауа.

Найман Сұлтанғазиев, көршісі:

- Жұмыртқасын үзбей алып тұрамыз. Тұмауға, басқа да аурулардың алдын алуға жақсы. Еті кәуап жасауға, басқа да тағам түрлерін әзірлеуге жақсы.

Сақтаған Бақбасовтың қазіргі тұтынушылары көрші-көлемі мен таныстары ғана. Ол алдағы уақытта Кәсіпкерлер палатасы мамандарымен кеңесіп, шағын несие алуды көздейді. Мақсат - құстың санын көбейтіп, өнімін сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарына да өткізу. Осылайша, кәсібінің аясын кеңейту.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.