Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қостанайда жетімдер үйінің 10 түлегі бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр

Ажырасу, балалардың толық емес отбасында тәрбиеленуі және оның салдарын айта отырып, әкесіз де, шешесіз де өсіп жатқан жетімдер де бар екенін ұмытпауымыз керек. Өкінішке қарай, олар мыңдап саналады. Қостанайда сондай жетімдер үйінің 10 түлегі бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Олардың кейбіреуі отбасылы, балалары бар. Өздерінің айтуынша, кәмелеттік жасқа толған күннен бастап бәрі далада қалған. Баспана кезегіне тұрғанмен, оның жылжитын түрі көрінбейді. Жанашыры жоқ жастардың басындағы қиын жағдайдан билік те хабардар. 

Николай Жиделев дәнекерлеуші боп жұмыс істейді. Отбасы, балалары бар. Сөйте тұра, 10 адамды 20 шаршы метрлік бір бөлмелі жалдамалы пәтеріне паналатып отыр. 2010 жылы үйдің кезегіне тұрған. Табыс табу мақсатымен Шымкент қаласына кетіп, 2015 жылы қайта оралғанында кезектен мүлде шығарып тастағанын бір-ақ білген. 

Николай Жиделев, жетімдер үйінің түлегі:

- 2016 жылы үйдің кезегіне қайта тұрдым. 1710-шы болып тіркелдім. Егер бұрынғы тізімнен шығармаса, мүмкін кезегім келіп қалар ма еді. Басқаларда да осындай жағдай. Бір танысым 312 болып тұрып, 412-ден бір-ақ шығыпты. Мұның бәрі лауазымды тұлғаларадың өз жұмысына жауапсыздығынан деп ойлаймын.

Николайдың үйін паналап жүргендердің бірі Әсем Шампейісова. Ол да ересек өмірге қадам басқанда далада қалғанның бірі. Кейін тұрмысқа шыққанмен, дәм-тұздары жараспай ажырасып кеткен. Қазір мектепте жұмыс істейді. Бірақ, тапқан ақшасы баспана сатып алмақ түгілі жалдауға да жетпейді. Амалсыз екі баласын уақытша Оқшаулау орталығына тапсырған.

Әсем Шампейісова, жетімдер үйінің түлегі:

- Кеше орталықтан қоңырау шалды. Егер 5 күн ішінде балаңызды алмасаңыз, сізді аналық құқыңыздан айырамыз дейді. 

Панасыз жастардың басындағы бұл ауыр халмен Білім басқармасындағы жиында шенеуіктер мен қоғамдық ұйым өкілдері де танысты. Қолдан келгенше көмек көрсететіндерін айтты. 

Сәкен Көкішев, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары:

- Қобыланды батыр даңғылындағы үйдің жоғарғы қабаты әкімдіктің иелігінде. Біз онда апатты үйлердің тұрғындарын қоныстандырдық. Қазір бос тұрған 5-6 бөлме бар. Бұл азаматтарға сол бөлмелерді уақытша бере аламыз.  

Білім департаменті келтірген дерекке сәйкес, тек өткен жылы жетімдер үйінің 90 түлегіне пәтер берілген. Бүгінде облыс орталығында 11800 адам кезекте тұрса, соның 2 мыңнан астамы жетімдер үйінің түлектері. Олар қазір қай жерден пана тауып, қалай күнелтіп жүр? Бұл сауал жауапсыз қалды.  

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: