Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Ресейдің Сочи қаласында халықаралық «АтомЭкспо» форумы басталды

Ресейдің Сочи қаласында әлемдік атом өнеркәсібі саласына арналған халықаралық «АтомЭкспо» форумы басталды. Жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 3,5 мың делегат қатысып жатыр. Форумда ядролық технологиялардың түрлі салада қолдану аясын кеңейту, экологиялық қауіпсіздікті сақтау және атом өнеркәсібіне арналған кадрларды даярлау сынды мәселелер талқыға түсіп жатыр. Жиын барысын Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы, рет-ретімен баяндайды.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Халықаралық «Атомэкспо»  форумы биыл 11-ші рет өтіп жатыр. Бұл - атом өнеркәсібі саласының жай-күйі егжей-тегжейлі талқыланатын әлемдегі маңызды пікірталас алаңдарының бірі. Биылғы жиынның басты тақырыбы – «Өмірді жақсартуға арналған атомдық технологиялар» деп аталады.  Форумға әлемнің 74 мемлекетінен келген жүздеген компаниялар мен халықаралық ұйымның өкілдері және белгілі сарапшылар қатысып жатыр. Қазақстан да, бұл форумның жұмысына бірнеше жылдан бері белсенді түрде атсалысып келеді.

Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығы атом энергиясы институты директорының орынбасары:

Бұл жерге атом саласында жұмыс істейтін әлемнің барлық елдері келді. Сондықтан осы форум шетелдік әріптестерімізбен келіссөздер жүргізуге өте ыңғайлы. Мәселен, бүгін Белорусия, Жапония және Ресей елдерінің бірқатар компанияларымен, ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыруға келістік. 

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Форумның пленарлы отырысында, тараптар, атом өнеркәсібі саласының қазіргі ахуалы мен келешектегі дамуы жайлы ойларын ортаға салды. Мамандар, ядролық технологияларды ғарыш, медицина, энергетика саласында пайдаланудың маңызына тоқталды. Ал әлемнің көптеген елдерінен келген компаниялар арнайы көрме өткізіп, атом өнеркәсібіне арналған өз өнімдерін таныстырып жатыр. Форум ертең де жалғасады. Осы басқосудың аясында түрлі келіссөздер өтіп, бірқатар нақты құжаттар бекуі мүмкін.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ