Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Шамадан тыс жүк тиеп, жолды бүлдірген жүргізушілер көліктерін тастап, қашып кеткен

Қарағанды облысында екі адам жүргізуші құжаттарын тәртіп сақшыларына қалдырып, қашып кетті. Олар салмағы 32 тонна болатын екі көлікке 40 тоннадан жүк тиеп, Осакаров және Нұра аудандары аралығындағы жолмен өтпек болған. Мұндай ауыр салмаққа орташа санатты жол шыдас бермей, асфальт опырылып қалған. Осылайша көліктері батып қалған жүргізушілерге алдымен жол полициясының қызметкерлері келіп, хаттама толтырған. Артынша кінәлілер басқа жеңіл көлікке отырып, оқиға орнынан тайып тұрған.

Мамандардың айтуынша, көктемгі ылғалдың салдарынан да жолдың астындағы топырағы босаған екен. Бірақ бұл сылтау емес. Шамадан тыс ауыр жүгі бар көліктерге орташа санаттағы жолдармен жүруге мүлде тыйым салынған. Қос ауданның арасын жалғайтын жол соңғы рет 2014 жылы жөнделіпті.

Дастан Жұмағұлов, Көлік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушысы:

- Олар Ақмола облысының Аршалы ауданынан жолға шыққан. Жүк иесі белгісіз. Көліктерге тым көп жүк тиелген. Оның салмағын арнайы мамандандырылған тексеріс қорытындысы бойынша нақты анықтайтын боламыз. Қазір жүк салмағы жазылған рұқсат қағазының болмағанына байланысты азаматтық іс қозғалды. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген жолда ауыр жүк тиелген көлікпен жүргені үшін кінәлілер жазаланады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ