Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Ұлтаралық татулық саласындағы әріптестік

Соңғы жылдары Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарының ғана емес, орталық өңірлерінің де біздің елмен арадағы байланыстары жанданып келеді. Тараптар сауда-саттық, туризм саласынан бөлек, ұлтаралық татулық тұрғысынан да әріптестікті арттырғалы отыр. Осы мақсатты іске асыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леоинд Прокопенко бастаған отандық делегация Ресейдің Иваново облысында болды. Ассамблея мүшелері, бизнесмендер және «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының өкілдерінен құралған топ аймақаралық форумға қатысып, Ресейдің бірнеше өңірлерімен келіссөздер жүргізді.

Ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделі - көпке үлгі. Біздің тәжірибеміз, әсіресе, 100-ден аса ұлт пен ұлыс тұрып жатқан Ресейдің орталық өңірлері үшін қызық. Сондықтан, Иваново қаласында өткен аймақаралық форум кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еліміздегі ұлтаралық саясаттың басым бағыттары мен Ассамблея жұмысын жан-жақты таныстырды.

Леонид Прокопенко, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

- Кездесу кезінде Қазақстандағы ұлт пен ұлыстың қалай тату-тәтті тұрып жатқанын әңгімелеп, Иваново облысындағы әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Сонымен қатар, Ресейдегі қазақ диаспорасымен арадағы байланысты арттыру жайын да талқыладық. Өзімізбен бірге қазақша кітаптар мен оқулықтар ала келдік. Мұның барлығы екі елдің ынтымақтастығын арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.

Олег Серёгин, РФ Ұлттар ісі жөніндегі федералды агенттігі төрағасының кеңесшісі:

- Қазақстандық әріптестеріміз ұлтаралық татулықты сақтау бойынша жүйелі жұмыс атқарып отыр. Елдегі барлық диаспоралардың бір-бірімен байланысы жақсы. Әрине, біздің өзара үйренеріміз көп. Дегенмен, Қазақстан тарапы бұл бағытта тынбай еңбек етіп жатыр.

Содан соң, қазақ делегациясы жергілікті сауда-өнеркәсіп палатасында болып экономикалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі отырысқа қатысты. Жиынға келген Иваново, Ярославль, Кострома және Владимир облысының өкілдері Қазақ елімен арадағы сауда-саттықты нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді. Кездесу кезінде Ресей тарапы еліміздің экспорттық мүмкіндіктері мен туристік бағыттары жайлы егжей-тегжейлі ақпарат алды.

Людмила Бадак, Иваново облыстық экономикалық даму және сауда департаментінің директоры:

- Қазіргі таңда Қазақстанның бірқатар өңірлері Иванов облысының маңызды сауда серіктесі саналады. Біз әсіресе, тоқыма өнеркәсібі, медициналық бұйымдар және машина құрастыру саласы бойынша тығыз жұмыс жасап, өз тауарымызды сатып отырмыз. Ал, Қазақстаннан өзімізге керекті азық-түлік, жеміс-жидек өнімдері мен мақта-матаны сатып аламыз. Келешекте өзара әріптестігіміздің аясы кеңея береді деп ойлаймын. 

Былтыр бір ғана Иваново облысының Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 28 миллион долларға жетті. Тараптар келешекте бұл көрсеткішті еселеп, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырғалы отыр. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: