Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Үштөбе ауылы жаз сайын су тапшылығына тап болады

Қарағанды қаласы маңындағы Үштөбе ауылының тұрғындары жыл сайын күн жылынған кезде су тапшылығына тап болады. Себебі кезінде мемлекеттік бағдарламамен ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету кезінде тұрғындар үшін шаруашылыққа да тіршілік нәрінің қажеттігі ескерілмеген. Соның кесірінен жазда су сору қондырғысының күші жетпей, құбырдан тамшы да ақпай қалатын кездер жиі кездеседі екен. Тілшіміздің сюжетін көрейік.

Бұқар жырау ауданына қарасты  Үштөбе ауылы Қарағанды қаласынан  11 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Төрт жарым мыңдай тұрғыны бар.  Ауқатты елді мекен болғанымен мұнда су мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Жазда осы түйткіл тағы қайталанбасын деген тұрғындар көңілдегі күдігін алты ай қыс жергілікті билікке айтып келді. Алайда баяғы жартас сол жартас.

Ләззат Әбенова, ауыл тұрғыны:

-Жыл сайын жазда ел бақшасын суғара бастаған кезде осы проблема туындайды. Су соратын құрылғының күші жетпей қалады. Суды түнде, немесе таңертеңгілік беймезгіл уақытта құйып алуға тырысамыз. Кейде мүлде болмай қалады. Бұл проблеманы әкімдіктегілерге айттық. Олар резервуарда су жоқ деп қол қусырып қарап отыр.

2011 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша миллиондаған теңге қаражат бөлініп,  ауыл ауыз сумен қамтамассыз етілген. Қателік сол кезде кеткен,-деп ашынады тұрғындар.

Амантай Әлімов, ауыл тұрғыны:

-Жобамызда қаралмаған, көрсетілмеген деп ат тондарын ала қашады. Басында техникалық тапсырысты дұрыс бермеген. Онда не болу керек? Халықтың ауыз суы, малға керекті су, сосын бақшаны суғаруы барлығы жобада қаралуы қажет меніңше.

Су тапшылығының  зардабын әбден тартқан жұрт ауыл әкімдігіне жиналып барды. Алайда әкім барлығына кінәлі сумен қамтамассыз етуді 2016 жылдан бастап өз мойынына алған «Промсервис» ЖШС екенін айтты. 

Елтай Сарғызов, Үштөбе ауылының ауыл әкімі:

-Промсервистің жұмысы негізі былай болу керек. Ол әр үйге кіріп заңға сәйкес ескертуді беріп, есеп құрылғысын қойғызуы керек. Сол кезде есеп құрылғысын қойған кезде су санаулы болады. Қанша кетіп жатқаны. Суды халыққа дұрыстап беріп, есеп приборын қойғызатын болса онда ары қарай жұмысты жалғастырамыз. Болмаса сотқа шағымданамыз қағаздарын жолдап.

Осылайша, қала іргесіндегі Үштөбе ауылының жылдан-жылға қалып келген су мәселесі әлі біразға созылатын сыңайлы.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ал сумен қамтамасыз ететін компания басшысы телефон арқылы  су қысымын көтеру үшін қосымша насос қондырғысын ауылдағы әкімшілік орнатпай отыр, -дегенді айтады. Бұған дейін жергілікті билік тарапынан осындай уәде беріліпті.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ