Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Жаңа жоба! Ұмыт бола бастаған әндер «Ұлы дала сазында» шырқалады

Ұлттық арна көрермендеріне тамаша тарту! Алдағы жексенбіден бастап «Ұлы дала сазы» атты жаңа музыкалық жоба жарыққа шығады. Дәстүрлі музыканы ұлықтап, сол салада жүрген өнерпаздардың басын біріктірген бастама көпшілік көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз.

Бұл – атадан балаға мұра болған дәстүрлі ән, жыр-термелер мен күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізетін жоба. Осыдан екі жыл бұрын да Ұлттық арна көрермендерінің назарына «Мен қазақпын» жобасы жол тартқан болатын. Ол жас өнерпаздарға үлкен сахнаға жол ашса, бұл жолы осы саладғы аға буынның шеберлігі мен өнері насихатталады.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Дәстүрлі өнер жолында жүрген ағаларымыздың, апаларымыздың орындауындағы өнерді бейнетаспаға түсіріп, сапалы деңгейде «Алтын қорға» сақтау - біздің негізгі мақсатымыз. Неге десеңіз, өнер жолында жүрген ағаларымыздың бейнелерін зорға іздеп тауып жатамыз.

«Ұлы дала сазы» жобасының түсірілімі өткен жылдың қарашасында басталып, оның барысында 177 шығарма орындалды. Өнер шарасына 91 өнерпаз қатысты. Оның ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші және 2 жыршы бар. Сондай-ақ, «Ұлы дала сазына» Секен Тұрысбеков, Сәуле Жанпейісова сияқты елімізге танымал дәстүрлі өнер майталмандары қатыспақ.

Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

- Біздің ұлттық өнеріміз қазақтан өзге ешкімге керек емес. Біз осыны түсінуіміз керек. Қазақтың қазақылығы, келешегі осы шері мен шаттығын қақ бөліскен қара домбырасының шанағына байланған. Біздің кіндігіміз осыдан үзіліп қалмауы керек.

Бүгінде ұмыт болған халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары да осы концерттерде орындалмақ. Ерекшелігі сол. 17 бөлімнен тұратын жаңа музыкалық жоба әр жексенбі сайын сағат 21:05-де эфирге шығады. 1 сағатқа созылатын сазды бағдарлама тамыз айына дейін жалғасады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: