Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Жастардың бүгінгі проблемасы қандай?

Биыл – Жастар жылы. Елбасының бастамасымен жарияланған жыл тиісті Жарлықпен ресми бекітілді. Жұртшылық жылы қабылдады, әсіресе, жастар. Себебі, көпшілігі осы жылы көкейтесті мәселелері шешіледі деп үміттінеді. Әлбетте, атаулы жыл атына сай деңгейде өтпей қала ма деп алаңдайтындар да жоқ емес. Жастар жылын бос ұрандарға, еш пайдасы жоқ форумдар мен жиындарға, флешмобтарға айналдырып жібермеудің амалы қайсы? Не ескерілу керек? Жастардың бүгінгі проблемасы қандай деген сауалдарға тілшіміз жауап іздеген еді.

Бұл - Мейірбектің отбасы. 10 жыл бұрын күнкөріс қамымен оңтүстіктен Астанаға келген бойдақ жігіт,қазір 3 баланың әкесі. Үйдің берекесі де, мерекесі де осы – балалар. «Тек, ұрпағының өз үйінде емес, бөтеннің босағасында өсіп жатқаны жанға батады», - дейді отағасы.

Мейірбек Нәзиев:

- 2008 жылдан бері пәтер жалдап тұрамыз. 3 баламыз да жалдамалы пәтерде дүниеге келген. Осы жылы жастарға пәтер мәселесін шешіп берсе екен деген арманымыз бар.  

Жас отбасылар үшін қазір баспана – өзекті мәселе. Осы ретте мемлекет «7-20-25» бағдарламасын бекітті. Сәйкесінше, пәтер алу жеңілдеді. Жастар үшін де тиімді тұстары жетерлік. Бірақ...

Ерсін Арғынбек, әлеуметтанушы:

- Бірақ, оны қандай топтағы адамдар алу керек, соны ескеру керек. Ол үшін жалақысы 200 мыңнан жоғары болуы керек. Бірақ, 200-250 мың жалақыға тек Ұлттық компанияда, үлкен жұмыс орнындағы адамдар ғана қол жеткізіп жатады.

Көкейкесті проблема биыл Жастар жылында шешімін табады. Құзыреттілер арнайы «Жол картасын» әзірлеп, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын әр өңірдің жағдайына сай бейімдемек.

Асхат Оралов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Мысал ретінде, Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық жастары» деген бағдарлама қабылданады. Шымкент қаласында осы жылдан бастап «7-20-25-тің» аясында «7-10-25» бағдарламасы қабылданды. Бұл – жас отбасыларға қолдау. Солтүстік Қазақстан облысында, Ақтөбе өңірінде әзірленіп жатыр. Маңғыстау өңірінде қазір әр ауданда жастар ресурстық орталықтары ашылады.

«Жол картасы» жастарға тиесілі нақты бес өзекті мәселені қамтиды. Үйден бөлек, білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында гранттар көбейеді. Ал, отбасылық құндылықтарды нығайтуда дағдарыс орталықтары жастарға тегін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, жер-жерде жастар сарайлары салынып, салауатты өмір салты насихатталады. Қысқасы, Жастар жылына тікелей жауаптылардың сендіруінше, атаулы жыл айқай-шу, жалаң ұрандармен емес, нақты істермен есте қалмақ. 

Жастарға арналған «Жол картасы» – әлеуметтік әлжуаз, мүмкіндіктері шектеулі әсіресе, ауыл жастарына бағытталмақ. Сәтін салса, биыл талай жас жеке баспана, тұрақты жұмыс және жоғары білімге қол жеткізеді. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Әлбетте, жастар да жауапкершілікті сезініп, ел үшін ерінбей еңбек етуі тиіс.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: