Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Сайлау-2019. Үгіт-насихат шаралары қыза түсті

Қазақстан Президенттігіне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат шаралары қыза түсті. Кандидаттар түрлі өңірлерде сайлаушылардың назарына бағдарламаларын ұсынып жатыр. Саяси дода алдында жұмысшылармен кездесіп, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдап жүр.

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Ақмола облысына барды. Партия өкілдері теміржолшылар, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаның әр тармағын түсіндірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы 3 бөлімнен тұрады. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу. 

Мәулен Әшімбаев Қ.Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы:

Қазақстандағы жағдайды одан әрі дұрыстау, халықтың әл-ауқатын арттыру. Инфраструктураны дамыту, ауылдық жерлерде барлық керекті жұмыстарды жүргізу. Экономикамызды дамыту, кәсіпкерге барлық керекті мүмкіндіктерді жасау. Осының барлығы өрлеу қадиғатының жүзеге асырылуының көрсеткіші болады.

2019 жыл «Жастар жылы». Соның негізінде  «Жастар – ел тірегі» арнайы әлеуметтік жобасы іске қосылмақшы. Мұны партия өкілдері жастармен жүздесуінде жеткізді. Оның сыртында таланатты жастар мен кәсіби мамандарға қолдау жасалатыны айтылды. Бұл студенттер үшін қуанышты хабар болса керек.

Коммунистер партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбеков Қорғалжын ауылына барып, жерлестерімен кездесті.Үміткердің туған жерге сапары сайлауалды үгіт жұмыстары аясында ұйымдастырылған. Айта кету керек, Елорда мен Қорғалжын арасын қосатын тас жолдың салынуына  Жамбыл Ахметбеков өз үлесін қосқан. Президенттік сайлауға түскен жерлесін ауыл тұрғындары зор құрметпен қарсы алды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР президенттігіне үміткер:

Көп мәселелердің барлығын мен бұрыннан бері білемін. Қандай проблемалар бар екенін. Оны бүгін кездесу барысында тұрғындардың өздері қайталап айтып берді. Көп көңіл аудару керек мәселелер бар.

Тұрғындар ауыз су мәселесін көтерді. Ауыл халқын сапалы тіршілік нәрімен қамту үшін өткен ғасырда салынған құбырларды ауыстыру керек. Жамбыл Ахметбеков, көтерілген мәселелер коммунистер назарында болатынын баса айтты.

Сондай-ақ,  ауыл шаруашылығы өнімдері өндірсін арттыру үшін шаруа қожалықтарын біріктіру керектігі де сөз болды. Сапар соңында партия өкілдері Шалқар ауылына барып ақсақалдармен кездесті. Үлкендер саяси тартысқа түскен жерлестеріне батасын берді.

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті агродержаваға айналуы керек. Ал, ауыл шаруашылығына қолдау әлемнің жетекші елдерімен тең болуы тиіс. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы басым бағыттар бүгін Ақмола облысының жұртшылығына таныстырылды.

Серік Асқаров, шаруа қожалығының басшысы:

Қанша ауылдар бар. Қазақстан енді мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен  айналысқан жер ғой. Өндірістер шамалы ғой. Аз ғана. Сол себептен ауылды көтерсе екен деп ойлаймыз.

Төлеутай Рақымбеков өз бағдарламасында дәстүрлі шаруашылықты қолдауға шақырады. Яғни, атақоныстағы ағайынның барлық мәселесін қамтуды сөз етті. 

Әли Бектаев, президенттікке үмітер Т.Рақымбековтың республикалық қоғамдық штабының төрағасы:

Көбісі үйсіз, жұмыссыз жүр. Көбісі баласын балабақшаға беруге қиналады.  Сондықтан, қазірі уақытта біздің кандидаттың бағдарламасында көтеріліп жатқан мәселе–ауылдың инфрақұрылымын дамыту керек. 

Жаппай кәсіпкерлікті дамытып, бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру қажет. «Ақ жол» партиясының атынан президент сайлауына түскен Дәния Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында осы мәселелер кеңінен қамтылып отыр. Президенттікке үміткердің үгіт-насихат шаралары Батыс Қазақстан облысында да қызу жүріп жатыр.

Дәметкен Сүлейменова, ҚР президенттігіне үміткер Д.Еспаеваның сенімді өкілі:

Қазіргі жастардың жұмыстарын қолдау мәселесін қолға алып жатыр. Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы ұлттардың достығын ,халықтың бірлігін, ауызбірлігін күшейтуге күш салып жатыр.

«Ақжолдықтардың» айтуынша, Дәния Еспаеваның бағдарламасы ең алдымен, экономикаға негізделеді. Яғни, мықты экономика қуатты мемлекеттің кепілі деген бағытты ұстанады. Сондықтан, ең алдымен жаппай кәсіпкерлікке мән беру қажет деп санайды. 

Сайлаубек Ғизатов, университет оқытушысы:

Енді президенттікке үміткер өзінің бағдарламасын ұсынды. Халық өз таңдауын жасайды деген ойдамыз.

Тұғырнамада  мемлекет тәуелсіздігі,  халқымыздың бірлігі  мен  еліміздің тарихын зерделеуге қатысты жайттар да  қозғалған. 

Президенттікке тағы бір үміткер Әміржан Қосанов Қарағанды облысындағы Үштөбе ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, құжаттың басты бағыттары талқыланды.

Әміржан Қосанов, ҚР президенттігіне үміткер:

Меніңше, Қазақстан экономикасының іргетасы болып саналатын осы нақты, реалды сектор. Оларды насихаттау керек.

Жиында үміткердің бағдарламасындағы негізгі бағыттар баяндалды. Қатысушылардың дені жұмысшылар болған соң, басымдық еңбек адамының құқығы, аймақтарды дамыту мәселесіне берілді. 

Дос Смаханов, Үштөбе ауылының тұрғыны:

Отанымыздың, балаларымыздың болашағы үшін сайлауға қатысып, таңдау жасау – әр азаматтың борышы деп ойлаймын. 

Жиынға қатысушылар да өз ойларын айтты. Пікір білдіріп, үміткер бағдарламасына ұсыныс айтуға мүмкіндік алды.

Бүгінде Қарағанды облысындағы 60-тан астам медициналық мекемеде білікті дәрігерлер жетіспейді. Ал Қарағанды медицина университетін жыл сайын 300-ге жуық маман тәмамдайды. Президенттікке үміткер Амангелді Таспихов бүгін  Қарағанды қаласында медицина саласының жас мамандарына арналған форумға қатысты.

Айжан Тәубебаева, жас маман:

Мұндай форумдардың қажеттілігі өте зор. Қазіргі кезде жұмаскерлер мен жұмыс берушілердің арасындағы  қатынастар қандай да бір шарттар ұйымдастыру барсында сұрақтарды шешу қазіргі жастар үшін қажет.

Еңбек қауіпсіздігі адам өмірінің кепілі. Президенттіке үміткер Аманкелді Таспихов сантехника құралдарын шығартын зауыт жұмысшыларымен де кездесті.  Кәсіпорында қазір 300-ге жуық адам еңбек етеді. Ал негізгі міндет еңбек адамына жағдай жасау.

Аманкелді Таспихов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Елмізде 1500 мыңнан астам адам жарақтқа ұшырайды. Мүгедек болып қалады. Соның бәрін алдын алу мақсатында үгіт насихат жүргізу заңды түрде реттеу керек.

Үміткердің сайлауалды тұғырнамасының негізі –еңбек адамына қолайлы жағдай жасау. Сондықтан Аманкелді Таспихов бірқатар кәсіпорындардың еңбеккерлерімен кездесу өткізді.

«Ұлағатты ұрпақ - ұлттық ұстаным». Бүгін осындай тақырыппен Щуче қаласында Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің шығармашылық кеші өтті. 20-дан астам кітаптың авторы, жазушы, журналист болашақ жоспарымен бөлісіп, қала тұрғындарын сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Сәдібек Түгел, ҚР президенттігіне үміткер:

Мәдениет - біздің болмысымыз. Менің дәріптейтінім, айтып-жазып жүретінім осы ұлттық мәдениет. Ұлттық мәдениет дегенде өзіміздің өнерді айтамыз. Музыканы айтамыз, күйді айтамыз.

Гүлім Құдысбек, дәстүрлі әнші:

Біздің ұлттық кодымыз ұлттық өнеріміз. Біз сонымен ерекшеленеміз. Кандидат Сәдібек Түгел ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ерекше көңіл бөлген.

Ұлы дала мәдениеті – атадан балаға,  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз. Кеш барысында үміткер ең алғаш жылқы қолға үйретілген Ботай қорымында халықаралық форум өткізуді ұсынды. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Ербол МӘНДІБЕК