Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Елімізде қаржы нарығын реттеу агенттігі құрылады

Бүгін Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын дамытуға қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бастысы, салық салу саласындағы кемшіліктер жойылады. Жаңа агенттіктің пайдасы қандай болмақ, тиімділігі неде?

Жаңа заң қаржы қызметін тұтынатындардың құқығын қорғауы тиіс. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Елбасы - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қаржы секторын реттейтін жаңа дербес орган құрылады. Бұл банк секторының жұмысын реттейді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағытын күшейту үшін тағы бір нақты қадам жасалынды. Себебі осы заң жобасы бойынша елімізде қаржы нарығын реттейтін жаңа мемлекеттік орган құрылатын болады. Ол барлық қаржылық қызметтерді тиімді жүзеге асыруға жол ашады.

Бұл ұйым тікелей Президентке есеп береді. Ұлттық банкі мен жаңа агенттіктің қызметі тығыз үйлеседі. Отырыста айтылғандай, салықты есептеудегі қателіктерге қатысты азаматтардың шағымдары тиісті жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау керек. Ең бастысы, салықпен тікелей қатысты министрліктердің деректер базасының интеграциясын аяқтау қажет. Яғни, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит саясаты, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамыту көзделген. Заң жобасының басым бөлігі тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Өйткені қазыр «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр.

Индира Бегайдар,тілші:

- Әсіресе тұтынушылық несиеге қатысты. Кредиттік мекемелер, ломбард, онлайн-несие беретін ұйымдардың жұмысы реттеледі. Өйткені оларға қадағалау жоқ, қанша пайызбен қарызға берем десе де, өз еркі.

Яғни, қадағалау органы екі мыңға жуық ұйымның жұмысын реттейді, есептік тіркеуге тұрғызады деген сөз.

Серік Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін шығындардың ұлғаюы болжанады. Кәсіпкерлердің шығыстардың артуына және тұтынушының шығыстарына алып келмей ме?

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Артық ешқандай шығыстар болмайды, өйткені біз тіркеуден өткеннен кейін 1 қаңтардан бастап бір жылға дейін уақыт беріп отырмыз.

Құжатқа сәйкес валюталық заңнама аясындағы бұзушылықтарды жою Ұлттық банк талаптарын орындамағаны үшін банктерге 15 АЕК - 37 875 теңге мөлшерінде әкімшілік жаза қарастырылған. Осы орайда жыл ішінде бұл әрекет екінші деңгейлі банктер тарапынан қайталанса, 15 АЕК сомасында айыппұл салынады. Бұл банктер үшін теңіздің ішіндегі тамшыдай ғана екені түсінікті. Сондықтан екінші оқылымға дейін банктердің деңгейіне сай айыппұлды енгізу керектігі айтылды.

Жалпы, 2018 жылы қаралған азаматтардың істердің 42 пайызы банктік дауларға қатысты. Шарттар қарапайым адамға түсініксіз, шарт жасасқанға дейінгі ақпараттық кезең қарастырылмаған. Бұл олқылықтың орны да жойылады.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жаңа талаптар Жоғарғы Соттың ұсынысымен әзірленді. Олар жағымды әсер етеді.

Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігі Алматыда орналасады. Агенттік жұмысын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастайды. Құжатты депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, еліміздегі ақша саясаты тұрақты, алдағы уақытта елімізде теңгенің құнсыздануы болмайды. Сондықтан Қазақстандағы ақша-несиелік саясат алаңдаушылық тудырмайды.        Ал, алып-қашпа әңгімелер шындыққа сәйкес емес», - деді Ерболат Досаев.

Индира БЕГАЙДАР