Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Каспий бейбітшіліктің ордасы болуы тиіс – Сергей Громов

«Мемлекетаралық байланыстың үлгісі» деп аталған Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының өзге де аспектілері Ақтауда талқыланды. Онда Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 13-отырысы басталды. Жиында Каспий теңізіне құқықтық мәртебе беру туралы Конвенцияны ратификациялайтын заң жобасын тездетіп қабылдау керектігі айтылды. Биыл 12 тамызда теңізді жағалай қонған 5 елдің президенті қол қойған Конвенция күшіне енсе, Каспийдің экологиялық проблемалары да шешіліп, әлеуеті арта түсер еді.

Қазақстан, Ресей, Иран және өзге де елдің парламентарийлері комиссияның отырысына келді. Өйткені, көп күттірмей, маңызды құжатты ратификациялау керек. Президент айтпақшы: «Конвенция - Каспий теңізінің Конституциясы» іспетті. Әрине, ортақ мәмілеге келу оңай болмады, 20 жыл бойы келіссөздер жүргізілді. Құжатта су табаны, табиғи ресурстар, әуе кеңістігі, құбырлар мен кабельдер төсеу, теңіздің биологиялық ресурсын қорғау сияқты мәселелер қарастырылған. Тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

Сергей Громов, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

- Каспий - бейбітшіліктің ордасы болуы тиіс. 5 ел өзара тиімді диалог орнатуы қажет. Мұнда өзге мемлекеттердің Қарулы күштеріне орын жоқ, себебі, біз достықты қолдаймыз. Экология жақсарып, инвестиция тартылады. Тразнит сияқты өзекті сұрақтар бар.

Қазақстан тарапы 6 қарашада Үкімет отырысында Конвенцияны ратификацилау жөніндегі құжаттар топтамасын қарады. Енді Мәжіліске жіберіледі. Биыл немесе келер жылдың басында құжат қабылданады. Оны ратификациялау үшін жұмыстарды барлық елдің парламенттері бастап кетті.

Масуд Пезешкиан, Иран Ислам Республикасы Кеңес жиналысы төрағасының бірінші орынбасары:

- Біздің елде де құжатты арнайы институтқа жібердік, сараптама жасалып жатыр. Бұл барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Конвенция мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты арттырады.

Депутаттар бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Маңғыстау облысы мен Ресейдің Дағыстанды мысал ете отырып, шекаралық аймақтарды дамыту керектігін айтты. Комиссияның отырысы аясында бірнеше екіжақты кездесу өтті.

 

Индира БЕГАЙДАР 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.