Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Көпбалалы отбасылар үшін қосымша арендалық тұрғын үйлер салынуы мүмкін

Бұл туралы Қаржы министрі мәлімдеді. Осылайша мемлекет жылдар бойы кезекте тұрған отбасылардың баспана мәселесін жуық арада шешуге мүдделі.

Әлихан Смайылов арендалық тұрғын үй үшін жыл сайын бюджеттен 35 млрд теңге бөлінетінін атап өтті. Ал, енді көпбалалы отбасылар үшін қосымша тұрғын үйлер салу үшін бұдан да көп қаржы құйылуы тиіс. Сондықтан үшжылдық бюджетті қайта қарау керек. Қаржы министрі қағаз жүзіндегі осы мәселелер шешімін тапқан соң, Үкімет дереу іске көшеді деп сендірді. Әлихан Смайыловтың әлеуметтік салаға қатысты басқа да жағымды жаңалықтары бар.

Ел қазынасы үшін жауап беретін Қаржы министріне бұл жолы әлеуметтік сала бойынша сауалдар көп жолданды. Көпбалалы аналардың аманатын айтқан журналистер Әлихан Смайыловтан жәрдемақының көлемін ұлғайту қаншалықты мүмкін екенін сұрап білді. Қаржы министрі бұл мәселені арнайы құрылған жұмыс тобы шешіп жатқанын жеткізді. «Әзірге әлеуметтік көмектің қандай сомаға артатыны белгісіз, бірақ жәрдем мөлшері ұлғайатыны сөзсіз», - дейді ол.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Біздің мемлекеттік бюджетті «әлеуметтік бюджет» деп айтуға болады. Соңғы 2 жылда әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың үлесі 34 пайыздан 44 пайызға дейін өсті. Осы 3 жылдың ішінде, яғни 2021 жылға дейін әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат 49,1 пайызға дейін өседі.

Осы жұмыс тобы көпбалалы отбасыларды үймен қамту мәселесін де қарастырып жатыр. Алайда, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етпес бұрын есеп-қисабын шығарып, үшжылдық бюджетті қарау керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Біз түсініп отырмыз, көпбалалы отбасылардың жағдайы нашар, жалпы. Сондықтан оларға көмек қолжетімді болуы керек. Ал, арендалық тұрғын үйді алатын болсақ, ай сайынғы төлейтін төлемақы 5 мың теңге шеңберінде.

Бүгіндері елімізде 271 мың көпбалалы отбасы бар. Оларға 33 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасы саны 2017 жылы 5,5 мың болса, былтырғы реформа кезінде «жағдайы төмен» санатына жататын жанұя 111 мыңға жетіпті. Ал, 1 жасқа дейін бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдер саны – 429 мың. Оларға берілетін төлемақының жалпы сомасы – 96 миллиард теңге.

Соңғы әлеуметтік көмек - көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Бала күтімі бойынша төлемақыны демалыс мерзімі біткенше, яғни 3 жылға дейін созу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда, қашан және қаншалықты өсетінін Қаржы министрі қадап айта алмады.

Альбина Әшім, тілші:

- Жыл басталғалы Қаржы министрінің журналистермен бетпе-бет кездесуі алғаш рет болған соң, тілшілер Әлихан Смайыловқа сауалдарды жаудырды. Бәлкім Елбасымен бірге өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы жағдай да әсер еткен болар. Айтпақшы, Әлихан Смайыловты сол кезде Елбасының өзі төрге шығаруы да сөз болды. Министр бұл оның Президентке жақынырақ отыруы үшін емес, Қаржы министрлігінің беделін көтеру үшін жасалғанын айтты.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: