Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қауіпті аймақтарда жүздеген қазақстандық жүр

Сирия, Ирак және Ауғанстан сынды қауіпті аймақтарда шамамен 380 қазақстандық қалып қойған. Олардың басым бөлігі - әйелдер. Ал, үлкен күйініш әкелетіні – олардың жанында 500-ге жуық сәби бар екен. Кешелі бері қазақ халқы отты ошақтан оралған отандастарымыз үшін қуанып жатыр. Осы міндетті сәтті орындаған құзырлы органдар оның ішінде СІМ мен ҰҚК бүгін журналистерге «Жусан» операциясы туралы мәлімет берді.

Ботагөз Мақатованың ұлы Сәтпаев қаласынан кетіп, Сириядан бір-ақ шыққан. Айтуынша, дінге 9-сыныпта бет бұрып, намаз оқи бастаған. Кейін Алматыда саудамен айналысып жүрген жерінен «Мысырда оқу оқимын» деп кетіп қалған. Ал, жарты жылдан соң, Сирияда жүргені белгілі болады. Сол жақта ұлы ақтөбелік қызға үйленіп, ара-тұра «Skype»-пен байланысқа шығып тұрған.

 Ботагөз Мақатова, Сирияға кеткен азаматтың анасы:

- Балалармен «Skype» арқылы сөйлескенде, артында адамдар тұратын мылтықпен. Сөйлесе алмайтынбыз.

Ал, екі жыл бұрын байланыс мәңгі үзілді. Ботагөз ұлының қандай жағдайда қайтыс болғанын білмейді. Тек келіні оны жерлеп жатқан бейнесін интернет арқылы жіберген екен. Жүрегі қарс айырылған ана тағдырлас жандардың басын қосып, желіде арнайы топ ашқан. Бұл чатта 120 ана бар екен.  Кейбірінің балалары қайтып келіпті. «Жиһад» іздеп, Сирия сергелдеңіне түскендердің туғандары, әрине, олардың елге оралуын тілейді. Ал, халықтың бір бөлігі өз қауіпсіздігі үшін алаңдап отырғаны жасырын емес.

Бақытбек Рақымбердиев, ҰҚК департаментінің басшысы:

- «Сириядан қайтарылғандардан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрайды көбі. Террористік әрекеттерге қатысы бар ма, толық тексеріледі. Ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Күні кеше елге қайтарылған 47 қазақстандықтың ішінен 6 ер адам мен 1 әйел үстінен «террорлық әрекеттерге қатысу» бабымен тергеу жүргізіліп жатыр. Әлемдік деңгейге таралған лаңкестікпен күрес оңай шаруа емес. Шеттегі шетін мәселені шешу де қиынға соқты. Қауіпті аймақтан басқа елдер арқылы ұшу үшін айлап келіссөздер жүргізілген.

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Әріптестерімізге, шет мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға ризашылығымызды білдіреміз. Қай мемлекеттер арқылы жасалғаны болашақта мәлім болады. Біздің азаматтарымызды, балаларымызды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сондықтан, бұл гуманитарлық операция кезінде қолдаған елдер мен халықаралық ұйымдар әзірге құпия күйінде қалады. Белгілісі: Сирияның солтүстігінен қайтарылған азаматтар Алматы, Астана қалаларынан және Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстарынан. Ал, ұлынан қол үзсе де, үміті үзілмеген Ботагөз Мақатова енді шетте жүрген үш немересі мен келінін құшағына басқысы келеді.

Қытымыр қыстың қаңтарында жеткен хабар жүректі жылытты. Әсіресе, көпшіліктің бейкүнә сәбилер үшін қуанғаны рас. Атамекендеріне жеткізілген 30 баланың 10 шақтысы Сирияда туған екен. Құзырлы органдар қазір олардың құжаттарын реттеп жатыр. Жетім мен жесірді жебейтін кең пейілді Қазақ елі оларды құшағына алып қана қоймай, тезірек бейімделуі үшін арнайы  орталыққа орналастырды. От пен оқтың ортасында жүріп, қан көрген отандастарымыздың тезірек оңалуына туған жердің топырағы да, жусаны да сеп болары анық.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: