Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Әлем чемпионатына қатысып жатқан 5 спортшымыздың бесеуі де алтын медаль жеңіп алды

Ауыр атлеткадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандық 5 спортшының бесеуі де алтын медаль жеңіп алды. Айды аспанға бірақ шығарған біздің батырлар әлі елге оралған жоқ. Барша қазақ жұртының қуанышын Оңғар Алпысбайұлы жеткізсін.

Лас-Вегаста өтіп жатқан жарыстың алғашқы күні 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ақмолда Сайрамкез алдына жан салмады. Екінші күн де жерлестеріміз үшін табысты болды. Сайхан Тайсуев өз жас шамасында әлем рекордын жаңартып, алтыннан алқа тағынды.

Алдияр Нұралиев, ҚР Ауыр атлетика федерациясының атқарушы директор:

Спортшылардың дайындық кезеңінде-ақ ұмтылысы зор екенін байқадық. Бұл жерде әрине, Бахыт Ахметов бастаған бапкерлер құрамының жұмысын атап өткім келеді. Дұрыс тактиканы таңдап, бірінші күннен бастап үлкен іске кірісіп, соңғы күнге дейін спортшыларымызға жан-жақты қолдау білдіріп тұрды.

Доданың үшінші күні 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сәпи Есенгелді 134 келіні жұлқа, 175 келіні серпе көтеріп, жалпы 309 ұпай жинады да жеңіс тұғырының биігіне көтерілді. Жарыстың соңғы күні өнер көрсеткен Ольга Постухова мен Рахат Бекболатқа да әлемде тең келер спортшы табылмады.

Димаш Сұлтанов, ҚР Ауыр атлетика федерациясының спорт директоры:

20 баланың орнына 5 баланы жібердік, өйткені біздің басты мақсатымыз, тек қана жай ғана барып келу үшін емес, нәтиже көрсету үшін, сол себеппен 5 бала тағайындалды. Негізі спортшыларымыз бар, көп. Саны жылдан жылға өсіп жатыр. Ол өте қуанышты.

Жаттықтырушылар бұл спортшылардың ішінен әлі бірнеше олимпиада чемпионы шығатынына сенім білдіріп отыр. Жас болса да жеңіс туын желбіреткен өрендердің алар асулары алда екеніне сенім мол.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ