Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Астанада «Жеңістерге бірге» атты паралимпиадалық сайыс өтті

Көру және есту қабілеті төмен және менталдық өзгерістері бар 170-ке жуық бала Астанада бас қосты. Олар спорттың 5 түрі бойынша «Жеңістерге бірге» атты паралимпиадалық старт жүлделерін сарапқа салды.

Әлібек - арбадағы биден Қазақстан чемпионы. Жыл басында Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен құрлықаралық біріншіліктің қоласын қанжығалады. Қазір спорт шеберлігіне үміткер. Туылғаннан арбаға таңылған Әлібектің аяғына екі апта бұрын ғана операция жасалды. Соған қарамай, арманшыл азамат бүгін де аламанның алдын бермеймін деп отыр.

Әлібек Төлегенов, паралимпиадалық стартқа қатысушы:

- Өте тамаша. Маған осындай жарыстар қатты ұнайды. Өйткені, өзімді басқа қырымнан танытуға мүмкіндіктер береді.

Әлібектен бөлек, жарысқа еліміздің 9 аймағынан 163 бала қатысуда. Олар волейбол, жүзу, шахмат, арбадағы би және білектесуден бақ сынауда. Бірінің қимыл-қозғалысы шектелсе, бірінің көру мен есту қабілеттері төмен. Арасында мүлдем сөйлей алмайтын балалар да бар. Бірақ, бәрінің мақсаты бір. Өзара достасып, жеңіс туын желбірету.

Кенжегүл Тайғара, Маңғыстау облысы делегациясының жетекшісі:

- Жалпы, осындай шаралар жиі өтіп тұрса екен деймін. Себебі, балалардың ой-өрісі дамиды. Отансүйгіштік қасиеттері оянады.

«Жеңістерге бірге» атты балалардың паралимпиадалық старты осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтырғы аламанға 6 өңір қатысса, олардың саны биыл 9-ға жетті. Осылайша, деңгейі жылдан-жылға артып келеді.

Құралай Түсіпбекова, Ұлттық дельфий комитетінің төрайымы:

- Дәрежелерін әрі қарай бақылап жүреміз және қолымыздан келгенінше қолдаймыз. Осы сайыстың қорытындысы оларды республикалық және халықаралық фестивальдерге, спорттық шараларға қатыстыруға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шара дәстүрлі түрде өтетін болады. Келесі жылы еліміздің барлық 14 аймағы мен екі қаласын қоса алғанда, 16 құрама қатысады.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ