Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

«Әрекет» жобасы аясында кәсібін бастауға ниетті азаматтарға гранттар берілді

Биыл жазда  «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Әрекет» атты игі бастамасын қолға алды. Осы жоба аясында әлеуметтік салада кәсібін бастауға ниетті азаматтарға гранттар берілді. Өз ісінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеген 100-ге жуық азаматқа 49 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Осының арқасында қазір олар кәсіптерін реттеп, қоғамға қажетті қызмет түрлерін ұсынып отыр.

Павлодардағы «Asyl ana kz» қоғамдық қорында мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін реабилитациялық көмек көрсетіледі. Массаж, емдік дене-шынықтыру жаттығулары, логопед сабақтары сынды қызметтер бар. 1 айдың ішінде мұнда 11 бала  қажетті ем-домын алды. Жобаның аяққа тұрып кетуіне «Әрекеттен» ұтып алған жүлдесі қолғабыс болған.

Әйтім Құсайынов,  «Asyl ana kz» ҚҚ жобалық менеджері: 

- Жобаның мақсаты - адамның ішкі жан-дүниесін, қабілеті мен мүмкіндіктерін ашу. Ол үшін әр түрлі тренингтер өткіземіз, спортқа баулимыз. Келген әр азаматқа өз қабілеттерін пайдаға жаратуды үйретеміз. Яғни, реабилитация жұмысы кешенді түрде жүргізіледі.

«Әрекеттен» қолдау алып, кәсіп бастағандардың басым көпшілігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Бірі арнайы аяқ киімдер мен тұрмысқа қажетті заттар жасаса, енді бірі мүгедек жандарға қызмет көрсету саласында еңбек етуде.

Мирас Іргебаев, «Samruk-Kazyna Trust»  әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры:

- «Әрекет» жобасы аясында барлық саны 180 КЕҰ-дан 265 тыңдаушы оқудан өтті. Олардың 98-і кәсіпкерлікті дамыту үшін 500 мың теңге көлемінде гранттар жеңіп алды.

Биыл жоба еліміздің 9 өңірінде өтті. Келер жылы барлық облыста ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, грант көлемі де көбейеді деп жоспарланып отыр.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ