Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Өскеменде IT мамандарының форумы өтті

Өскеменде республикалық IT-форум өтіп, ең үздік жоба авторлары марапатталды. «Digital East – Болашаққа Қадам» деген тақырыпта ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – түрлі саланы бастан-аяқ автоматтандыруға бағытталған жобаларды іріктеп, оларға қаржылай қолдау көрсету. Облыстың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған осы және басқа да жұмыстарымен бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев танысты.

Шығыс Қазақстанда кей операциялар роботтың көмегімен іске асырылып-ақ жүр. Мәселен, Өскемендегі мамандандырылған медициналық орталықта көктемнен бері 123 адамға осындай тәсілмен ота жасалған. Денсаулық сақтау саласын жаңа технологиямен жабдықтаудың арқасында дәрігерлер жұмысы айтарлықтай жеңілдеді.

Нартай Тураханов, хирург:

- Науқастың қалыпты өміріне тезірек оралуына, ауруханада өткізетін уақытын, операция уақытын азайтуға, ота кезінде келтірілетін қателіктерді болдырмауға үлкен көмегі бар.

Медицина, агроөндіріс, білім, мәдениет және басқа да саладағы қызметтің көп түрін автоматтандыруға мүмкіндік мол. Тек IT мамандардың тың жобаларына қолдау көрсетсе болды. Осы мақсатта өңірде арнайы байқау өтті. Жасұлан Бекенов цифрлы жылыжай жобасын жасап, жеңімпаз атанғандардың бірі.  

Жасұлан Бекенов, 10-сынып оқушысы:

- Жылыжай әртүрлі жерде тұруы мүмкін. Біздің жобамыздың арқасында адамдар жылыжайды ұялы телефонмен немесе компьютермен басқара алады.

Форум аясында «Цифрлы Шығыстың жетістіктері» атты көрме де ұйымдастырылды. Облыстың бұл бағытта көрсеткіштері жоғары. Мысалы, еліміздегі 782 IT-сыныбының 277-сі Шығыс Қазақстанда ашылған. 

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Мысалы, біздің IT сыныптарда оқып жатқан балалардың біразы 5-10 жылдан кейін мықты маман болады. Сондықтан, бүгін жасалып жатқан жұмыстардың жемісін еліміз 5-10 жылда көретін болады. Мұның барлығы елімізді жаңа белестерге шығаруға жұмыс істейтін жобалар.

Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары облыс активімен кездесті. Жиында Елбасының Жолдауы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды іске асыру барысы талқыланды.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: